4.07.2024, 23:00
Оқылды: 195

Әділ Жоламанов: "Халық дауысы – маңызды"

Бүгін Теректі ауданына жұмыс сапарымен облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов пен облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Жасұлан Сәкенұлы келді. Аудандық кітапхананың коворкинг орталығында өткен мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Арсен Бисенғалиев, сайлау комиссиясы мен бақылаушы мүшелері, аудан депутаттары, жастар ресурстық орталығының ұжымы қатысты.

20240704222628_IMG_7670

Әділ Тауфиқұлы аудандағы сайлау жұмысы жөнінде пікір алмасып, жиынға қатысушылардың ойын білді. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы сөз алып, сайлау жұмысының маңызын айшықтады. Халықтың ақ батасын алу үшін олардың әр пікірімен санасып, берген дауыстарына жауапкершілікпен қараған жөн. Осы орайда ол «бармақ басты, көз қысты» мінезден арылып, белді бекем буып іске кірісу керектігін жеткізді. Арсен Бақытжанұлы бастаған ұжымның мақсаты – айқын. Өз кезегінде ол комиссия мүшелерімен таныстырып, өз ұсыныстарын жеткізіп, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Әлжан Жақсыгерейұлы жүзеге асқан келелі жұмыстардың тінін тарқатып, халық қалаулылары аумақтық сайлау комиссиясына қолдау білдіретінін айтты. Сонымен қатар жиында Әділ Жоламановтың екпін түсіре жеткізгені халықпен санасып, қызмет ету болды.

FB_IMG_1720099166296

- Халықпен тығыз байланыс орната жасайтын жұмыс болған соң баршаңыз ең бірінші Ата Заңды білуге тиіссіздер. Сауатты болу – сайлау жұмысының ең басты міндеті. Сондай-ақ елмен байланыс жасау кезінде мәдениетті ұмытпаңыздар- деген Әділ Тауфиқұлы бақылаушылардың ойын сұрады.

FB_IMG_1720099168769

Тұрақты бақылаушы Надежда Павловна сайлау кезінде тұрғындардың белсенділігі төмен екенін айтты. Ақсуат ауылдық округі бойынша мәслихат депутаты Ләззат Бекішова ауылдағы бастан артылған мәселелерге тоқталды. Шілде айының 7-сі күні өтетін ауыл әкімін сайлаудың маңыздылығына екпін түсіріп, ел дауысымен тағайындалатын әкімнің жауапкершілігі мен іскерлік қабілетінің жоғары болуын тілегіне қосты. Өйткені тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылдың шешілмеген түйткілі көп. Кәсіпкерлердің өзі Ақсуатқа емес, облысқа салық төлейді екен. Бұл мәселені алға тартқан Ләззат Мағрашқызы бар мүмкіндікті пайдаланып, ауылды жандандыратын әкімінің сайлануын тілейді.

FB_IMG_1720099181115

Мәжілісте мұнымен қатар көптеген мәселе тарқатылды. Әділ Жоламанов әділдікке үндеп, халықтың дауысын алға қойып, адал болуға шақырды. Айта кетейік, 2025 жылы аудандағы 7 ауылдық округ әкімінің сайлауы өтпекші.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале