Астана күні қарсаңында Сырым ауданындағы су тасқыны кезінде белсенді азаматтық қызмет көрсеткен бірқатар жерлестер марапатталды.
Топан судың басын тойтарып, түнімен тұрғындарды қауіпсіз жерге тасыған «Сырым» МКҚК механизаторы Азамат Бақтығалиевтің ерлікке пара-пар еңбегі үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алғанын жазған едік.
Бүгін тағы сырымдық механизатор Берік Кубаев ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медаліне ие болды.
Жымпитылық Нұралы Үдреев пен Нұрлан Бекжанов ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Құрмет грамотасымен, кәсіпкерлер Айсұлу Ихсанова, Ермак Какимов, Тойған Мұрадымова, Әлия Нұрманова Сырым ауданы әкімінің алғысхатымен құрметтелді.
– Төтенше жағдай кезінде мекеме қызметкерлері, тұрғындар табиғи апатқа тойтарыс берді. Су тасқыны кезінде бірқатар тұрғын бірлік көрсетіп, эвакуациялау жұмыстарына қатысты. Уақыт батырларды өзі таңдайды. Елге көмектескен әр адам – батыр!, - деді марапаттарды тапсырған Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы