Егемендігіміздің айғағы, еліміздің мақтанышы, елордамыз – Астана күні қарсаңында Шыңғырлау ауданында жаңа алаң ашылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытудың, оны барлық жас санаттары арасында насихаттаудың маңыздылығына ерекше тоқталып өткен болатын. Міне осындай игі мақсатта жергілікті мемлекеттік бюджет есебінен Шыңғырлау ауылының төрінде ашық стадион бой көтерді.
Ашылу салтанатында аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев құттықтау сөзін сөйлеп, спорт ардагері Қайсар Құсайыновпен жаңа спорт алаңының лентасын қию рәсімін жүргізді.
Кейін стадионда Шыңғырлау спортшылары арасында футболдан жолдастық кездесу өтті. Ойынның басын аудан басшысы өзі бастап беріп, аудан жастарынан құралған командалар жалғастырды.
Жаңа алаң енді ауыл тұрғындарының, ауданның игілігіне жұмыс істейді.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы