7.07.2024, 18:00
Оқылды: 152

Бәйтерек ауданы: ауыл әкімдерін сайлау саяси реформаларға тың серпін беруде

Бәйтерек ауданына қарасты Құрманғазы, Рубежин, Дариян ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы қалыпты өтуде. Аталған округтерде орналасқан №179, 180, 181, 182, 193, 194 сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасаушылар қатары әлі сейілген жоқ.

IMG-20240707-WA0078

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясынан алынған мәліметке қарағанда, сағат 16:00-дегі жағдай бойынша аталмыш округтерде тіркелген 5478 сайлаушының 1701-і, яғни 31,1 пайызы өз таңдауларын жасаған. Мәселен, Құрманғазы сайлау округі бойынша 367 сайлаушының 195-і (53,1%), Дарияндағы 4058 сайлаушының 1057-сі (26,0%), Рубежиндегі 1053 сайлаушының 449-ы (42,6%) дауыстарын берді.

IMG-20240707-WA0084

Рубежиндегі №182 сайлау учаскесінің төрағасы Ләззат Сәнкібаеваның сөзіне қарағанда, қазір ауыл тұрғындарының біразы еңбек демалысында, вахталық жұмыста. Сол себепті сайлау учаскесіне келушілер қарасы қалың емес. Ал денсаулығына және өзге де жағдайларға байланысты келе алмайтындар үйлерінде дауыс беруде. Сондай үш адам осы мүмкіндікті пайдаланды. Сонымен қатар ерте келіп дауыс берген сайлаушылар мен 2 мерейтой иелеріне сыйлықтар табысталған. Сайлаудың өту барысын 4 бақылаушы қадағалауда. Әзірге ешқандай заң бұзушылық орын алған жоқ.

-18 жасқа толып, бүгін алғаш рет сайлауға қатысқаныма қуаныштымын. Алғаш рет дауыс беріп жатқасын ерекше сезімдемін. Дауысымды лайықты деп таныған жанға бердім. Егер ол кісі әкім болып сайланса, елдің сенімін ақтайда деп ойлаймын,-деді Рубежин ауылының жас тұрғыны Әділхан Жұбанов.

IMG-20240707-WA0082

Құрманғазы ауылдық округына қарасты Аманат ауылындағы №194 сайлау учаскесіне келген жергілікті кітапханашы Азамат Асылбекұлының сөзінше, мұнда ауылдық округ әкімі болуға үміткерлердің арасында осалы жоқ. Кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларында ауылдың болашағы үшін жасалатын жұмыстар жақсы көрініс тапқан. Таяуда үміткерлер арасында өткен пікірталас та көңілінен шықққан. «Ауылымызда алғаш рет әкім сайлауы өтуде,-деді ол. - Мемлекет басшысы айтқандай, бұл біз секілді тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау ісіне тартуға жол ашуда. Жалпы мұндай сайлау еліміздегі саяси реформаларға тың серпін берері сөзсіз».

Салтанат Зұлқарнаева, 

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале