Бүгінгі таңда облысымыз жол жөндеу, жол қатынасын ретке келтіру мәселесінде жұмысы жиі сынға қалып келе жатқан аймақтың бірі екені жасырын емес. Бұл мәселе Шыңғырлау ауданы халқының да қабырғасына батып келе жатқанына әлденеше жылдың жүзі болды.
Аудан орталығындағы және ауданға жақын елді мекендер жолдарына асфальт жабындысы жабылып, жол мәселесі біртіндеп шешілуде. Бірақ жұртшылықты жиі мазалайтыны – үш бірдей үлкен елді мекенді қамтитын Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай бағытындағы үлкен жолдың жағдайы болатын. Өткен жылы осы бағыттағы жұмыстар ішінара қолға алынған-тұғын. Енді міне, маусым айының соңын ала осы бағыттағы жолдарда жұмыс ширай бастады. «Мердігер «Армстрой» ЖШС-нің жол салушылары 42, 62, 77 шақырым аралығындағы жолдарға асфальт жабындыларын төсеу үстінде. Қазіргі таңда мұнда 7 техника іске қосылып, 11-12 жұмысшы бел жазбай еңбектенуде. Екі жылға жобаланған бұл жұмыста басты талап етілетіні-сапа»,- дейді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Алмас Жұмаев.
Жұмыс жүріп жатқан кезде жол салушыларға кедергі келтірмес үшін аудан-ауылға қатынайтын көлік иелері балама жолды пайдалануда. Бұл да істің кедергісіз, тиянақты жүргізілуіне үлкен сеп болмақ. Көп жыл бойы аңсаған армандарына бір табан жақындап қалған елді-мекен тұрғындары енді осы жолды үлкен жүк көліктері шиырлап, уақытынан бұрын тоздырмаса екен деп уайым етеді.
Гүлназ Мұхан,
Шыңғырлау ауданы