10.07.2024, 10:30
Оқылды: 97

Оралда ел ғалымдары мен өңір жолшыларының келелі кеңесі өтті

Жуырда өңірімізге келген Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының өкілдері облыс әкімдігінде жолшылармен кездесу өткізді.

D29C61D3-0D8A-4908-A2E1-9B6D521DEFEF

Кездесуде тасжолдың сапасы, құрылыс материалдарының тапшылығы, бүлінген асфальтты қалпына келтіру, жолды күтіп ұстау, маман даярлау және жол құрылысына жаңа технологияларды енгізу мәселесі  талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповтың төрағалығымен өткен басқосуға ғалымдардан бөлек, мердігерлер, жол салуға жауапты мамандар, қоғам белсенділері қатысты.

Айта кетейік, биыл өңірімізде 500 шақырымнан астам көлік жолы жөнделеді. Жыл басында республикалық маңызы бар жолдардың 73%-ның жағдайын жақсы деп айтуға келетін болса, жергілікті маңызы бар тасжолдың 52%-ы ғана осы сапаға сай. Жыл соңына дейін өңір жолшылары жақсы деп айтуға келетін жолдың үлесін 58%-ға жеткізбекші.

– Біздің облыстағы жолдың сапасы көңілден шықпайды. Еліміздегі ең жолы нашар облыстардың біріміз. Жыл сайын жол салынып жатыр. Олардың сапасына да көңіл бөлінеді. Күтіп ұстаудың да маңызы зор. Елдегі жол мәселесі түрлі деңгейде көп талқыланатын тақырып екені де жасырын емес. Халықпен өтетін кездесулерде де жолды жөндеу не салу төңірегінде сұрақтар көтеріледі. Оның барлығы – біздің жұмысымызға сын. Бірақ жол мәселесін шешу жайын күн тәртібінен түсірмейміз, – деді Тілепберген Каюпов.

Жалпы, жол салу оңай шаруа емес. Жолдың жайын бағамдау, салу жағын зерттеу, жобалау, бағалау, құрылыс материалдарының сапасын тексеру – осының барлығын егжей-тегжейіне дейін білген абзал. Облысымызға келген Қазақстан жол ғылымизерттеу институты аталған мәселелердің барлығымен айналысады. Одан бөлек цифрландыру, құзыреттілікті дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және диагностика жасауды да зерттеу институты жүзеге асырады. Сондай-ақ кейінгі жылдары құжаттандыру бойынша да бірқатар шаруа тындырған. Ол туралы Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының вице-президенті Нұрлан Смаилов  айтты.

456FCE6D-6E2A-4F7C-A94E-8DC2A9388E44

– Былтыр Ақтөбе облысының барлық жолдарына құжаттандыру жүргіздік. Қазіргі таңда Астана қаласының жолдарын паспорттап жатырмыз. Атырау облысында да осы шаруаны тындырамыз. Алдағы уақытта Батыс Қазақстан облысының жолдарын құжаттандыруға дайынбыз, – деді Нұрлан Смаилов.

Одан бөлек, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты жол мамандарына арналған бірыңғай база жасақтаған. Былтыр қолданысқа берілген желілік базадан еліміздегі құрылыс материалдарының сапасы, техниканың жағдайы, жол салатын компаниялар туралы ақпаратты білуге болады. Сонымен қатар ортақ жүйе арқылы білікті жолшы мамандарды да таба аласыз. Кездесу барысында ғылыми институт өкілдері ерекше жобаны облыс жолшыларына таныстырды. Сондай-ақ жол сапасын зерттеуге маманданған зертханалардың жұмысы туралы тың деректермен бөлісті.

– Біздің институт бір ай ішінде қазақ еліндегі барлық асфальт-бетон зауыттарын зерттеп шықты. Мұндай зерттеу бұған дейін ешқашан өткізілген жоқ. Нәтиже көңілден шығады дей алмаймыз. Өйткені біз зерттеген 401 зауыттың 51-і ғана стандартқа сәйкес келеді, – деді Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының департамент басшысы Мейрамгүл Қабдығалиева.

Жиынға келген жол салушы компания өкілдері өздерін толғандырған құрылысты жобалау, қаражат қарастыру және маман тапшылығы төңірегіндегі сауалдарын жолдады. Әсіресе, маман табу мәселесі күрделі. Өйткені ел батысындағы 4 облыстың біреуінде де жол салушы маман дайындайтын оқу орны жоқ. Елімізде жолшы дайындайтын 8 институт болса, оның барлығы орталық, солтүстік және оңтүстік өңірлерде. Ғылыми-зерттеу институты департаменті басшысы Мейрамгүл Қабдығалиеваның айтуынша, соңғы 10 жыл ішінде елімізде жол салу саласына түскен студенттерге грант бөлінбеген.

– Сұраныстың жоқтығы мен жолшыларға гранттың бөлінбеуі кадр тапшылығына әкеп соқты. Осы күні жолда жұмыс жасап жүрген шебер, учаске басшысы болып жүрген азаматтардың біразы осыдан бірнеше жыл бұрын жолшы болып қызметін бастағандар, – деді Мейрамгүл Қабдығалиева.

Жиын барысында жол салушылар білікті мамандармен пікір алмасып, саладағы қордаланған мәселелерді талқылады.

Шілденің 5-і күні Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының өкілдері жергілікті БАҚ қызметкерлеріне арналған пресс-тур ұйымдастырды. Ондағы мақсат – Подстепный-Федоров-РФ шекарасы жолының 108-144шақырымына эксперимент ретінде салынып жатқан жол учаскесін көпшілікке таныстыру. Сондай-ақ Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының жол құрылысына қатысты ғылыми әдістерді көрсетуі болды.

Қоса кетейік, «ДСК приоритет» ЖШС жөндеп жатқан Подстепный-Федоров-РФ  шекарасы жолының жоғарыда аталған бөлігінің құрылысы Қазақстан жол ҒЗИ ғалымдары ұсынған әдіс бойынша салынып жатыр.

Пресс-турға тілшілер қауымымен бірге барған «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар департаментінің басшысы Мейрамгүл Қабдығалиева өңірге облыс басшылығының шақыртуымен келгенін айтты.

Сонымен қатар жолды күтіп ұстау, оның құрылысын барынша сапалы ету бағытында жасалған ғылыми әдіс-тәсілдер турасында да айтып берді.

– Өңірдегі жол сапасына қатысты айтылатын сын көп. Алдағы уақытта жол саласы бағытында талай зерттеу жүргізетін боламыз. Облыстағы жолдардың барынша сапалы болуына көңіл бөлеміз. Жасыратыны жоқ, жолды жобалау, оның құрылысына жергілікті материалдарды пайдалану, климат ерекшеліктерін ескеру кезінде біздің компаниялар көп қателік жібереді. Аутомобиль жолдарының сапасы төмен болуына жоғарыда аталған есептердің жөнді жасалмауы себеп болады. Ал біздің институт жылдар бойғы зерттеулердің нәтижесі мен жиған тәжірибесіне иек артады. Жолды жобалау және құрылысы кезінде зерттеу нәтижелері мен тәжірибе сынақтан өткен әдістерді пайдаланамыз, – деді Мейрамгүл Қабдығалиева.

Сынақ алаңынан табылған «ДСК приоритет» компаниясының басшысы Жанна Кенжина Подстепный-Федоров-РФ шекарасы жолының 108-144-шақырымындағы эксперименталды жол учаскесі алдағы екі жылда сапасын жоғалтпаса, ҒЗИ-мен арадағы әріптестік қарым-қатынасты нығайта түсетінін  жеткізді.

– Ғалымдармен бірге сынақ учаскесін салып жатырмыз. Ерекшелігі – асфальттың құрамында. Жаңа қоспа температураға төзімді, су сіңіруге бейім емес калиймен байытылған. Жарылып кету мүмкіндігі де төмен. Бұл қоспа осыған дейін Шығыс және Оңтүстік өңірлерде пайдаланылған. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының деректер базасында оң баға алып, «Жасыл» статусқа ие болған. Ал «Жасыл» статус қоспаның сынақтан өткенін және жақсы нәтиже көрсеткенін білдіреді. Біздің компанияның басты мақсаты – сапалы жол салу. Сондықтан ғылымға иек артамыз және жаңа технологияларды пайдаланамыз, – деді Жанна Кенжина.

Пресс-тур барысында жорналшылар мен ғалымдар түрлі бағытта пікір алмасып, жол сапасына қатысты ойларымен бөлісті. Қос тараптың ойы кадр тапшылығына келгенде бір жерден шығып жатты. Өйткені қазіргі таңда елдегі жол салу компанияларына 2000-нан астам маман керек. Қазақстан жол ҒЗИ құзыреттілікті дамыту орталығының директоры Гүлжамал Омарова аталған мәселені біржақты шешу мақсатында «Jolshy» атты платформа іске қосылғанын жеткізді. Аталған базада жол құрылысы саласының шеберлері, инженерлері және саланың басқа мамандарының түйіндемелері енгізілген. Соның арқасында жол комитеттері мен министрлік өңірлерде қандай және қанша маман жұмыс жасайтынын көріп отырады.

– «Jolshy» платформасында жұмыс берушілер кадрларды оңай таба алады, ал жұмыс іздеушілер өз түйіндемелерін орналастыра алады. Сондай-ақ жол саласында оқып жатқан студенттерді де осы базадан табуға болады, – деді Гүлжамал Омарова.

Гүлжамал ханым өз сөзінде жол құрылысы саласының мамандарына арналған біліктілік арттыру курстары 2006 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын атап өтті.

Айтуынша, институт бұрын зертханалық сынақтар бойынша 7 курс өткізген болса, былтырдан бері біліктілік арттыру курстарының санын  көбейткен.

– Осы кезге дейін 30-дан астам біліктілік арттыру курсын өткіздік. Аталған курстар өндірістік-техникалық бөлім инженерлеріне, шеберлерге, участок басшыларына, техникалық бақылау, жобалау мамандарына арналды. Айта кететін тағы бір маңызды жайт, біз курстарды тапсырыс берушінің ыңғайына қарай бейімдейміз. Шыны керек, жол құрылысына қатысты сын көп. Біздің мақсатымыз – ондай сындарды азайту, – деді Гүлжамал Омарова.

Қорыта айтсақ, енді облыста аутомобиль жолдарын салу мен күтіп ұстау ісінде ғылыми әдіс қолданылатын болады. Өйткені БҚО әкімдігі мен Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім аймақтағы жол құрылысы мен күту жұмыстарына, ғылымның озық жетістіктерін енгізуіне және мамандардың біліктілігін арттыруына елеулі өзгерістер әкеледі деген үміт сыйлап отыр.

Жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру – келісімнің тағы бір негізгі аспектісі. Бұл үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, жүзеге асырылады. Сонымен қатар оқу-әдістемелік құралдар дайындалып, семинарлар өткізіледі. Осыған орай жергілікті мамандар жол құрылысы мен жөндеу саласындағы соңғы жетістіктер мен техника туралы хабардар болуға мүмкіндік алды.

Оның үстіне ғылыми жобалар мен жолды бағалауға арналған консультативтік қолдау көрсету мақсатында семинар мен конференцияларды өткізу жоспарланды. Бұл іс-шаралар өзекті мәселелерді талқылау және мамандар арасында тәжірибе алмасу алаңын жасауға көмектесіп, өңірдің жол инфрақұрылымын одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Бұл ынтымақтастықтың мақсаты – облыстағы жол сапасын жақсарту, озық технологияларды енгізу және мамандардың біліктілігін арттыру. Аталған ынтымақтастық – облыс пен оның тұрғындарының мүдделеріне қызмет ететін заманауи және қауіпсіз жол желісін құру жолындағы маңызды қадам.

Ендеше, ел ғалымдары мен өңір жолшылары иық тіресе жүріп, өңір тасжолын тақтайдай тегіс етеді дегенге сенейік.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале