9.07.2024, 23:12
Оқылды: 214

Казталовта қалқымалы көпір жөнделеді

Казталов ауданы үшін маңызы басым Қайыңды, Болашақ ауылдық округтеріне Қараөзен өзені арқылы қатынайтын қалқымалы көпірдің қазіргі жағдайы аталмыш округ тұрғындарының аудан орталығына қатынауына қиындық туғызып отыр.

FB_IMG_1720527243138

Мәселенің басынан бастасақ, биылғы көктемде Қараөзен өзеніне жоғары жақтан (Ресейден) келген ағын су қалқымалы көпірді бүлдірген болатын. Өзен үстіндегі қалқымалы көпірді былтыр жөндеп, көктемгі уақытқа дайындағанымен, табиғаттың тосын жағдайына шыдас бермеді. Иә, бұл тілсіз жау — тасқын судың салдары.

Мәселе дер кезінде бақылауға алынып, аудан әкімі мен аудандық мәслихат депутаттарының жұмыстануының нәтижесінде көпірге техникалық сараптама жасалды. Сараптама қорытындысы бойынша «Пайдалануға жарамсыз, күрделі жөндеу қажет» деп танылған қалқымалы көпірге күрделі жөндеу үшін аудандық бюджеттен 10 млн. теңге қаржы бөлінген болатын. Қалқымалы көпір құрылысына жауапты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарының хабарлауынша, 2024 жылдың маусым айының аяғында мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс аяқталған. Нәтижесінде мердігер ретінде осы салада тәжірибесі мол «Уральская Судостроительная Судоремонтная Судоходная Компания» ЖШС танылды. Жуырда мердігер мекеме өкілдері ауданымызға келіп, Қараөзен өзеніндегі қалқымалы көпірдің өлшемдерін алған. Бүгінгі уақытта Орал қаласында қалқымалы көпірдің жөндеу жұмыстарына қажетті дайындық жүріп жатыр. Мердігер мекеме мамандары көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын екі айдың ішінде жасап, бітірмек. Бұл қалқымалы көпір 2018 жылы пайдалануға берілген еді.

Қайрат Жақып, 

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале