«Бөрлі ауданының тоғыз ауылы, яғни тоғыз елді мекен Жайық өзені бойын жағалай орналасқан. Барлығы 2 300 аула, 8 374 тұрғын бар. Су тасқынынан қорғау мақсатында ұзындығы 9500 м болатын инженерлік қорғау жұмыстары жүргізілді. Оған 70 арнайы техника жұмылдырылды. Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінен 96 қызметкер, Қызылорда облысынан 80 сарбаз көмекке келді. Сонымен бірге жергілікті тұрғындар да белсене атсалысуда. Бүгінгі таңда тоғыз елді мекенде 1 345 аула қауіпті аймақта» – бұл аудан әкімдігінің сәуір айының 16-ы күнгі баспасөздегі хабарламасы.
Жайық бойын жағалай орналасқан ауылдардың бірі – Кеңтүбек ауылы. Табиғаты тамаша, жасыл желекке оранған ауыл аты айтып тұрғандай әлсін-әлсін су басу қатеріне ілігіп тұрады. Биылғы көктемгі су тасқыны ешкімге оңай болған жоқ. Десе де Кеңтүбектегі дүрбелең наурыз айының соңына қарай басталған.
Сын сағатта
«Бөрлі ауданы Кентүбек ауылында сәуір айының 2-нен 3-не қараған түні сол ауылдың тұрғыны хабар-ошарсыз жоғалып кетеді. Полиция қызметіне дабыл түсірген жұбайы жоғалған азаматтың бірер сағат бұрын хабарласып, бірақ сәлден соң телефон тұтқасын алмайтынын жеткізген. Ал жары «жоғалып кетті» деп алаңдаған азаматтың байланысқа шықпауына телефон қуатының таусылуы себеп болған. Ол вахталық жұмысын тапсырып, Ақсай қаласынан жаяу шыққан. Ауыл іргесіне келгенде айналаны су басқанын, ағысы қатты екенін алыстан байқаған. Осылайша ауылынан төрт-бес шақырым қашықтықта тұрып, көмек күткен. Жоғалған ер адамды сол ауылдың учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Асхат Каукеев ауыл тұрғындарымен бірге іздеген. Полиция қызметкерлері трактормен ауыл айналасынан тегіс аралаған. Бір кезде полиция инспекторы 4 шақырым қашықтықта жерде жатқан ер адамды байқаған. Ол қатты тоңып қалған соң ұйқыға кеткен. Сол уақытта су тасқынына байланысты Кентүбек ауылының тұрғындары эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілген еді» – бұл республикалық «Сақшы» газетінде «Жұдырық боп жұмылған Жайық жұрты» деп аталған Ай-Хан Тәңірі атты журналистің мақаласынан үзінді. Болған жай туралы әлеуметтік желіден оқыған біз де елең ете қалдық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, жақсы сөзге қуанып, жақсылықтың жаршысы болайық деген ниетпен аты аталған учаскелік полица инспекторын іздестіре бастадық. Өкінішке орай, су басу қаупі сейілгенімен, су тасқынының зардаптарын жоюмен айналысып жатырған Асхат Каукеевтің қолы босай қоймады. Сөйтіп, бізден бұрын марапат іздеп тапты оны.
Ел Президентінің марапаты
Сол өңменіңнен өтетін салқын күндері, жан-жағыңнан сарқырап су келіп жатқанда ауылды, ауыл тұрғындарының мал-мүлкін, бастысы адам өмірін сақтап қалу үшін етігімен күндіз-түні су кешіп жүрген азаматтар шын мәнінде ерлік жасады. Солардың бірі арда туған азамат, Кеңтүбек ауылының учаскелік инспекторы Асхат Каукеев ел Президенті Қ. Тоқаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапаттауы да осының айғағы. Жоғары дәрежелі марапатты біздің кейіпкерімізге ІІМ Министрі Ержан Сәбденов тапсырды. Иә, Ерлігі үшін. Сол тасқын сумен алпалысқан күндерде ешкім қалыс қалмаса да ауылдың учаскелік қызметкерінің жұмысын ерлікке пара-пар деп бағалапты ауылдастары. Ауыл тұрғындарының Асхат Каукеевтің ерлігіне деген тәнтілігімен бірге, оған деген құрмет пен ризашылық та осы марапаттың ішінде болса керек.
Өзге емес, өзім айтайын
«Наурыз айының соңына қарай қар күрт ери бастады. Ауыл ішінде қар тез еріп бара жатты. Артынша ақ даланың қары еріп ауылға кіре бастады. Көп кешіпей Шыңғырлау көтерілді. Ауыл судың қоршауында қалды. Жолды су басып кетті. Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінен арнайы көліктерімен 7 қызметкер көмекке келді. Ауыл әкімі Нұрлан Ғазиев бастаған төтенше жағдай бойынша штаб құрып, ауылдық мәдениет үйінде түнеп жүрдік. Түнеген деген аты ғана ғой. Біз көбіне су кешіп далада ұйымдастыру жұмыстарымен жүрдік. Штабқа аздап тынығуға, киім ауыстыруға, жүрек жалғауға ғана кіретінбіз. Ал үйлеріне су кірген немесе су кіру қаупі бар тұрғындар мектепке көшірілген болатын. Ауыл тұрғындары, еріктілер өте бір ынтымақтастықпен жұмыс жасады. Жол жабылып, азық-түлік тоқтап қалған уақытта да ешкім тамақтан, жылы киімнен тарықпады. Штабқа да, мектептегілерге де ыстық тамақ жиі-жиі жеткізіліп тұрды. Судан қорғану жұмыстарында да ешкім қалыс қалған жоқ. Ол үшін тұрғындарға, ауылдың үлкендеріне, мейірімі ммен қайырымы мол апалар мен ағаларға алғыс айитамын. Ал енді ерлікке келсек, ерлік жасамаған шығармын. Бірақ Ақсайдан ауылға қарай шығып кеткен ауыл тұрғынын тік көтеріліп, белуардан келетін суды кешіп іздегеніміз рас. Көп жерді түн ішінде трактормен жүріп өттік. Тапқанда қатты қуандық», - деп әңгімелеп берді Асхат Каукеев.
Полиция қызметкерлерінің династиясы
Аты аталған бүгінгі күннің батыры Асхат Каукеевтің әулеті туралы осылай айтуға болады. Отбасында өсіп-өнген 5 баланың 5-еуі де осы қызметте екен. Анығырақ айтқанда Асхаттың алдындағы үш ағасы да полицияда қызмет етіп, осы саладан зейнетке шыққан. Қазір інісі екеуі де осы салада қызмет етеді екен. Полицияда қызмет ету үшін адамдардың тыныштығын күзететін, қауіпсіздігін қорғайтын үлкен күш-жігер, қажет жерде қажыр-қайрат қажет екенін ескерсек, осы 5 азаматты өнегелі етіп тәрбиелеп өсірген ата-анасына риза боласың.
Ал Асхат әйелі Раушан екеуі 3 ұл, 1 қыз өсіріп, ата-аналарынан алған жақсы үлгіні, жақсы тәрбиені жалғастырып келеді.
«Ер ерлігімен, ел елдігімен танылады» дейді. Ерлігімен танылған азаматтарға ел болып қуансақ жарасады.
Дариға Нұрашова
Бөрлі ауданы