Бүгін Ақтөбе қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының Журналистер клубының отырысы өтіп жатыр. Отырыс жұмысына батыс өңірлерден келген “Қоғамдық келісім” КММ қызметкерлері, журналистер қауымы, сондай-ақ Ақтөбе облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысуда.
Көшпелі отырысты Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырды. Бұл Журналистер клубының жұмыс жоспарына сәйкес, биылғы жылға жоспарланған 4 көшпелі отырыстың өңірде өткізілген алғашқы көшпелі отырысы. Отырыс этносаралық қатынастар тақырыбындағы ақпараттық жұмысты жетілдіру бойынша тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.
«Еліміздің үздіксіз дамуы мен серпінді өркендеуін қамту және халық арасында сапалы әрі сенімді ақпарат тарату өзектілігін жоймайтын басты мәселелердің бірі болып қала береді. Осыған орай, ҚХА Журналистер клубының көшпелі отырыстары медиа саласындағы жаңалықтармен алмасу, пайдалы ақпарат алу және ҚХА институтының медиа әлеуетін нығайту үшін өте маңызды. Бүгінгі кездесуіміз нәтижелі болатынына сенімдімін», - деді отырыс жұмысын ресми ашқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев.
Көшпелі отырыстың ресми бөлімін ҚР Президентінің Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының инспекторы Мұхтар Күлжан, Конрад Аденауэр атындағы қордың ҚР өкілдігінің директоры Йоханнес Доминикус Рай, ҚР МАМ БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов және ҚР МАМ ЭҚДК Әдістемелік қамтамасыз ету және ақпараттық-түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Гүлстан Қарасайқызы жалғастырды.
Спикерлер ҚХА қызметін ақпараттық сүйемелдеудегі басым бағыттар, Конрад Аденауэр атындағы қордың ҚР өкілдігінің қызметі, ҚР «Масс-медиа туралы» Заңының негізгі мақсат-міндеттері мен этносаралық қатынастарды дамытудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Отырыстың ресми бөлімінің қорытындысында өңірлерден келген қатысушылар көкейтесті сауалдарына мардымды жауап алып, өз ойларын ортаға салды.
Айта кету керек, көшпелі отырыстың жұмысына Батыс Қазақстан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер клубының мүшелері фото-тілші Оксана Каткова мен ТДК-42 телеарнасының басшысы Рустам Машарипов қатысып жатыр.
Көшпелі отырыстың екінші бөлімінде медиатренерлер медиа кеңістіктегі өзекті тақырыптарға тренинг өткізеді.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz
Фото: ҚХА Баспасөз қызметі