12.07.2024, 15:33
Оқылды: 117

Бата берер ата қайда?

«Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деген халқымызда аталы сөз бар. Ата-бабамыз батаға үлкен мән берген, алыс сапарға шығарда, үлкен іс бастарда тағы да басқа жағдайларда тау асса да  батасы қабыл болар қарияларды арнайы іздеп барған.

Наурыз ЖП (5)

Сурет сайт архивінен

Бата ең алдымен адамға ерекше күш, сенім береді. Ақ ниетпен берілген батаға сенген жан жолының оң, қадамының құтты боларына шек келтірмейді. Жүректен шыққан жылы сөздің текке кетпесіне иланады, сол сенім ешқашанда алдамайды.

Жалпы халқымызда батаның түр-түрі көп, сәби дүниге келсе де, бесікке салса да, тәй-тәй басып жүрсе де, келін түсіріп, беташар жасаса да, тіпті бала мектепке барып жатса да, армандап жүрген үйіне қол жеткізсе де үлкендерден бата алу үлкен мәртебе саналады.  Үлкендер қолын жайып бата бергенде жиналғандар «әумин, қабыл болсын» деп бет сипасады. Осы жерде бір айта кетерлігі бата алушы тізерлеп тұрып, тым болмаса тізесін бүгін тұрып бата алғаны жөн.  Бұл да бата берушіге деген сыйластық, құрмет саналады.  Шын жүректен берілген батаның қабыл болмай қалмасы анық. Сол себепті де үлкендер балаларына «батасыз іс бастама, бәлен деген атаңа көрісе барып, батасын алып қайт» деп бағыттап отырады. Мұның өзі жақсылыққа, өзіне-өзінің сенімділігін бекітуге бағыттайтын салт-дәстүр.

Ал батаны кімдер берген десек, қадірлі қария, атақты батыр мен аузы дуалы билер, көпті көрген абыздар, жас болса да бас боларлық жолы мен ісі өнегелі жандар берген. Басында айтқанымыздай батаның да түр-түрі көп, оның бірі халқымыздың салт-дәстүріне негізделе айтылса, қайсыбірі жеке адамның тікелей ниетіне орай айтылады, көпшілікке арналған да баталар бар, көктем келіп, мал көкке аузы тигенде де айтылар баталар көп, әйтеуір қай батаның да түпкі негізі жақсылыққа үндеу, парасаттылықты пайымдау, адамның ішкі жан дүниесіне сенім орнату, жылу сыйлау. Ағайынды ынтымаққа шақыратын да, ұлттық намысқа негізделген де, жас отауға жақсылық тілеген де, дастархан берекесін меңзеген де баталар жетерлік.  Жалпы батаны өз тіліңмен айтсаң да болады, ең бастысы ол таза ниетпен, ынтымаққа, бірлікке шақырса болғаны. Қазіргі кезде бата берем деп жаттанды баталардан жабысып айырылмайтын, кез-келген жерде сарнай жөнелетіндер де бар.  Енді бірі ұзын батаны жаттап алып, соңына жете алмай шатасып, елдің әжуасына қалып та жатады. Қарапайым тілмен айтылса да көпшіліктің арман-тілегіне орай үндесіп жатса қандай ғанибет.  Елдің бәрі шешен, ақын емес, сол себепті де ұйқас қуып, соңында абдырап жатудың қажеті қанша?

Батагөй қариялар ел арасында жақсы істің жүзеге асуына орай рухани демеу беретін жүректен щыққан сөздерін жеткізген. Тіпті батамен қыз бен ұлды да тәрбиелеген, қыздың қылықты, ұлдың ұлағатты болуына да үлкен септігін тигізетін осы бата.

Ықылас қойып тыңдар болсаң мән-мағынасы жүректі толқытатын баталардың небір түрі бар ғой. Айталық сапарға шығушыға:

Шадияр болсын достасың,

Мұхаммед болсын қостасың.

Қызыр болсын жолдасың,

Лұқпан болсын құрдасың.

Сүрініп кеткен жеріңде,

Жеті әулие жетелеп,

Кереметімен қолдасын!

Қандай керемет айтылған! Немесе жас отау иелеріне:

Бай қылсын,

Төрт түлікті сай қылсын,

Кетпес дәулет берсін,

Отауыңа сәулет берсін!

Бастарыңа бақыт қонсын!

Қастарыңа нөкер толсын.

Дұшпандарың шоқ болсын,

Көре алмайтын қаскөйлерің,

Іші күйіп, жоқ болсын! - деген батаның да түп тамыры жастарға жақсылық тілеу ғана.

Ал келін түсіріп, бата сұраған ата-анаға берілген мына батаға да назар салайықшы:

Келінің жинақшыл болсын,

Қызың әдепшіл болсын.

Қырықтың бірі Қыдыр-ды,

Үйің қонақшыл болсын!

Самаурында шай қайнап,

Қазаныңда май қайнап,

Күнде той дастарханы жайылсын.

Қонақ күтумен,

Келін төсегін жимасын.

Балаң мейірімді, келінің кішіпейіл болып,

Ата-анасын сыйласын,

Ұл десең ұл, қыз десең қыз болып,

Үйіңде бала толып ойнасын!

Ұрпақ жалғастығына меңзеген, ата-анаға қызмет етуге үндеген жылы сөздер жүректі тебірентері анық. Осындай игі тілекке толы баталарды жаттап жүрсек, қанекей.

Ал қазіргі таңда бата бере алмайтын үлкендеріміздің көп екендігі өтірік емес. Жастары жер ортадан асып, абыз шаққа жетіп отырса да той-томалаққа да, садақа, аста да ақсақалдардан бата сұраса қипақтап, қасында отырғанға ысырып, қара тер болып жататын үлкендерді көргенде қарның ашады. Тым құрымағанда қарапайым тілмен: «Елімізден бірлік кетпесін, іргемізден іріткі шықпасын, ұрпағымыз аман болсын, ішкен асың адал болсын» деп бет сипаудың өзі қиынға соғады екен.

Өзіміз де осындай жайттарға күнделікті өмірде жиі тап болып жүрміз. Той-томалақта да құдалар жағынан бата сұрап жатса, «бізге орынсыз болар, әулеттің ілкі құдалары бере берсін» деп сылтау іздеп, соңында кібіртіктеп екі-үш сөздің басын әрең құраған аталарды көргенде «әй-әй-әй» деп бас шайқайсың. Жан-жағына жалтақтап үлкендердің өздері де қысылып жатады. Айтулы  басқосуға келе жатқанда өздерінен дастархан батасы сұралатынын білмейтін қазақ жоқ, әзірленіп келген де дұрыс-ау осындайда.

Жуырда көршіміз мәңгілік мекеніне аттанып, садақасына бардық. Әдетте қабіршілер келгенше әйелдер қауымы тез-тез дәмнен ауыз тиіп, келер жандарға орын босатуға асығары белгілі. Мұнда да сол алдымызда отырған төрт қариядан ас қайыру сұралды. Төртеуі де қипақтап ештеңе айта алмады. Арт жақта отырған үлкен кейуанаға дастархан батасын жасап, ас қайыруға тура келді. Тым қүрымаса қысқаша сүре-аят оқисыздар ма деп еді, әлгі үлкендер қызарақтап бас шайқасты. Ойпырмай, аталардың осы жасқа келгенше тым болмаса «Фатиха» мен «Ықыласты» жаттап алатындай өмірлері болды емес пе дер қынжылдық. Аталардың өздері де осы әйел адамдардың ортасына қайдан түсіп едік деп ойлап кеткендері айдан анық.

Қай басқосуға барсаң да көбіне көп осындай көрініске тап болып жатамыз. Оның қасында жастарымыз мықты  «біссіміллә» деп алақандарын жайып жіберіп, құранды зулатып, бет сипап, ас қайырып жатқаны. Бірақ қаздай тізілген үлкендер отырғанда жастардың өздері де бата беруге, үлкеннің алдын орауға тартыншақтайтындары анық.

Көпті көрген Айман әже де ақ сақалды, пайғамбар жасынан асқан қарттардың  халқымыздың дәстүрін мансұқтамай келе жатқанына налиды.

«Біздің жасымыздағы қай адам болсын, ол ер адам ба, әйел адам ба «құлқуалласын» білетін шаққа әлдеқашан жетті емес пе? Көпшілік бас қосқан жерде жарытып бата беріп, бет сипаудың үлгісін көрсете алмайтындардың көп екендігін мойындаған жөн. Бітпейтін пәтуасыз әңгіме айтып, жөнсіз жырқ-жырқ күлкімен дастарханның берекесін алатындар да жоқ емес. Халқымызда батаның қанша түрі бар. Тіпті халқымыз әрі-беріден соң тіпті табиғаттың әр мезгілін де тілге тиек етіп, бата берген жоқ па еді? Өз басым кішкентайымнан атам мен әжемнің «біссімілләсін» айтпай ас бастап, соңында бет сипап құранның сүрелерін оқығандарын көріп, те жаттап та өстік. Біз үлгі көрсетпесек, асыл дінімізді, салт-дәстүрімізді кім жалғастырады?», - дейді.

Иә, бата-ықылас, жүректен шыққан сөз міндетті түрде ықалас қойсаң жүрекке жетеді. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деп халқымыз айтқандай, батаның маңызын жас ұрпақ құлағына сіңіре білер қарттарымыздың қатары көбейсе екен.

Гүлшат Ботанова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале