14.07.2024, 12:30
Оқылды: 194

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданына жұмыс сапарымен келді

Өңір басшысы өндіріс орнында, шаруашылықтарда болып, бойкөтеріп жатқан баспаналарды көріп, маусымдық жұмыстармен танысты.

IMG-20240714-WA0017
Алдымен Рубежин ауылына атбасын бұрды. Мұндағы «134» ЖШС-ның кірпіш зауытының құрылысы ковид кезінде басталған. Ал өнімді биылдан бастап шығаруда. Серіктестік директоры Иван Лазовскийдің айтуынша, зауыт жылына 30 млн данадай дара, 35 млн данадай әрлеме кірпіш шығаруға қауқарлы. Енді бір жарымдық тас шығару ойда бар. Себебі оған да сұраныс бар. Соған орай күзге таман жаңа құрал-жабдықтар алынбақшы. Кірпіш құны 60-80 теңге аралағында.

Қазір бұл жерде 37 адам еңбек етуде, дені жергілікті тұрғындар. Облыс әкімі өңіріміздегі саусақпен санарлық осындай кірпіш зауыттарының қарқын артыру үшін қажетті қолдауға көрсетуге дайын екенін жетікізді. Ал өндіріс орны басшылығы өз тарапынан жұмыс өнімділігін артыруға және өнім сапасына мән беруі керек.

IMG-20240714-WA0011
Одан әрі қарай өңір басшысы Құрманғазы және Чиров ауылдарына аялдап, салынып жатқан баспана құрылыстарымен танысты.

Құрманғазы ауылына келген соң аудан әкімі Марат Тоқжанов атап өткендей, Бәйтеректің Кирсанов, Красноармейск, Сұлукөл, Құрманғазы, Чиров және Раздольный ауылдарында 48 үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Үй салмастан бұрын инфрақұрылым тартылып, ауылға қатынайтын жолдар жөнделді. Бұл баспаналар көп балалы, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға берілмек.

IMG-20240714-WA0016

Құрманғазы мен Чировта қос пәтерлі 9 үйдің құрылысын жүргізіп жатқан «ЖБК строй» ЖШС-ның басшысы Рахим Мамедовтың сөзінше, жалпы аумағы 160 шаршы метр болатын бір үй салудың құны шамамен 20 млн теңгені құрамақшы. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталды, шілденің соңына дейін толықтай бітіру көзделіп отыр.
Өңір басшысы үйлердің сапасына, салыну қарқындылығына жоғары баға берді. Жаңа үйлер ауылдың көркін аша түскенін айтып, ауылдардағы бұзылған үй, ғимараттардың орындарын тазалап, ол жерлерге жаңа үй, нысан салуға мән беру маңызды екенін жеткізді. «Тұрғын үй кезегінде тұрғандарға ауылдардан осылай үйлер берілсе, тұрғындардың жарқын болашаққа деген сенімі арта түседі, - деді Нариман Төреғалиұлы. - Мәселен, мына Құрманғазыға осынау баспаналарға қоныстану үшін 8 көп балалы отбасы келсе, олар шағын ауылға жаңа серпін әкелері сөзсіз. Жалпы ауыл тазалығына, жинақылыққа барынша назар аударған жөн. Жергілікті атқарушы құрылым өкілдері, ауыл тұрғындары абаттандыру жұмыстарынан қалыс қалмаулары керек. Ауылға, туған жерімізге, қасиетті мекенімізге жанашырлықпен қарау - баршамызға міндет».
Облыс әкімінің ауылға келгенін көрген құрманғазылық 3-4 тұрғын арнайы келіп жолықты. Олар ауылдағы электр желісінің әбден тозығы жеткенін, үп еткен жел болса, сымдардың үзіліп кететінін, соның салдарынан жарықсыз, мобильді байланыссыз қалатын кездер жиі орын алатынын айтты.

Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Әдемі Жұманиязова да ауылдастарын қостап, ең болмаса, тозығы жетіп, айналасына қатер төндіріп тұрған бағаналарды жөндеу назарға алынса деген тілегін білдірді. Өңір басшысы бұл мәселеге орай құзырлы құрылымдарға тапсырма берілетін жеткізді.
– Иә, ауылдарда тезірек шешім табуды қажет ететін өзекті мәселе аз емес, Алайда олар ретімен, ыңғайына қарай шешілуде. Мәселен, бүгін жаңа үйлер салынса, ертең электр желілерін жаңартуды қолға аламыз. Осы ретте айта кетейін, жалпы облыс көлемінде электр желісінің 82 пайызы тозып тұр. Яғни 20 мың шақырым электр желілері жаңғыртуды қажет етеді. Сол себепті біз осы мақсатқа републикалық бюджеттен облысымызға 20 млрд теңге бөлу жөнінде ұсыныс жасадық. Қаржы бөлінген бойда дайындалған кешенді жоспарға сай жұмыстар басталады,-деді Нариман Төреғалиұлы.
Одан соң өңір басшысы Раздольный мен Дариян ауылдық округтеріне барып, өсімдік шаруашылығындағы ахуалмен танысты. Раздольныйдағы «Достық» шаруа қожалығы алқабында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов аудан бойынша биылғы егістік жайын баяндады.

IMG-20240714-WA0019

Оның сөзіне қарағанда, биыл бәйтеректік диқандар 260 мыңнан аса гектарға дән еккен. Осыдан төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш 230 мыңның шамасында еді. Биыл да егістіктің денін, яғни 110 мың гектарға жуығын жаздық дәнді дақылдар құраса, 60 мыңдайы - күздік бидай. Бүгінгі таңда сол күздік бидайды жинау жұмыстары жүруде. Қазіргі 1368 гектар жерден 1887,8 тонна өнім (13,8 ц/га) жиналды.
«Достық» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Шевчук күздік бидайдың биылғы шығымы төмендеу екенін жеткізді. Себебі қысқы салым кездегі жауынның салдарынан топырақтың астында мұз пайда болып, тұқымның дамуына кері әсерін тигізген. Одан бөлек 3 мамырда аяз соқты және өзге де факторлар әсер етпей қалған жоқ. Міне, солардың салдарынан қазір күздік бидай орта есеппен гектарына 10 центнерден беруде. Биыл шаруашылық 408 гектарға жасымық еккен. Енді осының және 2 мыңнан аса гектарға егілген жаздық бидайдан алынатын өнім жақсы болып, шығынды жабады деген сенім бар.

IMG-20240714-WA0018
Дариян ауылдық округіндегі «Матевосян» шаруашылығы биыл 12 мың гектар жерге дән еккен. Оның үштен екісі жаздық бидай. «Біз қазір күздік бидайдың «Джангаль» деген сұрпын жинаудамыз, - дейді аталмыш шаруа қожалығының басшысы Александр Матевосян. - Бұл бидайдың макарон өнімдеріне арналған түрі болып саналады. Биылғы егін шығымы орташа. Орта есеппен гектарынан 15-17 центнерден өнім алынуда. Биыл күздіктің сапасы да төмендеу. Яғни желтоқсан айында жаңбыр жауып, соның салдарынан топырақта 15-20 см. қалыңдықта мұз қабатының пайда болуы салдарынан дән жөнді өсе алмай қалды. Оған біз не істей аламыз? Жыл сайын егін бітік шықпайды ғой. Дегенме де барының өзі облысымызды, еліміздің көршілес өңірлерін қамтуға жетеді деп ойлаймын. Ал жаздық бидай жаман болмайтын секілді. Жалпы алғанда биыл өндірілетін астық ұнға да, макарон өнімдеріне де артығымен жетіп, өзге сұраныстарды жабады деген ойдамын».

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале