16.07.2024, 11:00
Оқылды: 200

БҚО-да үйді сатып алу-сату мәмілелері 71,6%-ға өсті

Ұлттық статистика бюросы бір жыл ішіндегі (2024 жылдың маусымы мен 2023 жылдың маусымы аралығы) және бір айдағы (2024 жылдың мамыры мен маусымы) тұрғын үй нарығындағы баға өсімін талдады. БҚО-да үй нарығындағы мәмілелер (сделок купли-продажи) артқаны байқалады.

content-img(202)

Республика бойынша бір жылда жаңа тұрғын үйлерді сату бағалары – 2,2%, қолданыстағы пәтерлерді қайта сату – 1%-ға өсті.

Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылдың маусымында 5,2%-ға жоғарылады.

Өңірлер бөлінісінде жылдық мәнде жаңа үйлер Ақтөбе (9,5%), Талдықорған (7,2%), Қызылорда (7,1%) қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы үйлер нарығында баға өсімінің көшін Атырау (14,1%), Астана (6%) қалалары бастаса, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Талдықорған (28,1%), Қарағанды (24,6%), Жезқазған (22,6%) мен Петропавл қалалары алда (22,5%).

Биылғы мамыр-маусым айлары ішінде қолданыстағы пәтерлерді қайта сату – 0,6%-ға, жаңа үйді сату 0,4%-ға өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі бір айда 0,3%-ға  

жоғарылады.

Маусым айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 32 943 мәміле тіркелген. Оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 058 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 24 885 мәміле жасалды. Мамырмен салыстырғанда (31 071) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 6%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша, бұрынғысынша Алматы (5 937 – 18%) және Астана (4 812 – 14,6%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 716 – 8,2%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 342 бірлік (1%).

2024 жылдың мамырымен салыстырғанда маусымда ең көп өсім Батыс Қазақстан (+77,3%), Солтүстік Қазақстан (+38,1%) және Атырау (+22,8%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы төмен көрсеткіш Алматы қаласында (-7,6%), Жетісу облысында (-6,9%) және Шымкент қаласында (-4,6%) тіркелді.

2024 жылдың мамырымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 6,3%-ға (1 482 мәмілеге) көбейді. 2024 жылдың маусым айында пәтерлер бойынша барлығы 24 885 мәміле жасалды. Бұл – мәмілелердің жалпы санының 75,5%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (22,3%), Астана (18,9%) қалаларына және Қарағанды облысына (9%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер көп сатылды. Маусым айында 9 643 мәміле ресімделген.

Биылғы бір айда жеке үйлер бойынша мәмілелер саны 5,1%-ға немесе 390 мәмілеге артты. Маусымда барлығы 8 058 мәміле тіркелген. Ең жоғарғы өсім Атырау (+64,1%), Батыс Қазақстан (+52,6%) және Ақтөбе (+45,8%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы ең төмен көрсеткіш Ұлытау (-22,7%) облысында, Алматы (-21,7%) қаласында және Ақмола (-11,7%) облысында орын алды.

2024 жылдың маусымында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 10,3%-ға көбейген, ол кезде 29 880 мәміле ресімделген болатын.

Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Батыс Қазақстан облысында (71,6%-ға) байқалды, ең төменгі өсім – Қызылорда облысында (19,5%-ға). 2024 жылдың қаңтар-маусым айларындағы мәмілелер саны бойынша, былтырғы екі айдағы мәмілелер санымен салыстырғанда, динамика 15,2%-ға жоғарылады.

Нұртай Текебай

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале