Биылғы су тасқыны елді ерекше әбігерге салғаны белгілі. Еліміздің батыс бетіндегі облыстар аумағындағы табиғи катаклизмнен елді-мекендердің бірінен соң бірін су алып, халық та, ауыл шаруашылғы саласы да, экономикалық жүйе де біраз зардап шекті. Ауданымызда елді-мекендер суға кетпегенімен, Шыңғырлау өзені бойындағы Ақтау ауылы және Елек өзеніне жақын орналасқан Ащысай, Шыңғырлау, Шоқтыбай ауылдарына су мейлінше жақындады. Осы бір «етігімен су кешкен» қысыл-таяң сәтте ерекше белсенділік танытып көпті біріктірген, су тасқынының алдын алып, қол күші, халық күшін біріктіріп, техникамен қолдау көрсеткен, ауылға су келтірмеу шараларына белсенді атсалысқан азаматтар, еріктілер көп болды.
Табиғи апат кезінде белсенді қатардан табылған аудан тұрғындарын қабылдаған аудан әкімі осындай азаматтар еңбегін ерекше атап өтіп, ел басына күн туған сәтте іс-қимылға, шұғыл әрекетке кіріскен азаматтық болмыс, ұғым мен түсініктің аса маңыздылығын айта келе, Ақтау ауылының тұрғыны, шаруа қожалық басшысы Ержан Рамазановқа ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігінің мақтау қағазын табыс етті.
Осы министрліктің алғысхатымен Шыңғырлау ауылдық округінің бас маманы Аслан Аманбаев та марапатталды.
– Ауызбіршілік – асыл қасиет. Біріккен көптің алмайтын қамалы жоқ. Су тасқыны кезінде ауылдарға барғанда жігіттердің ұйымдасқан іс- қимылы, күш біріктіріп апаттың алдын алуға салған күш-жігерлері сүйсінткен еді. Бұл – азаматтық түсінік, адамгершілік ұстаным. Қазіргі табиғаттың мінезі де өзгеріп барады, әрқашан дайындық, әрқашан сақтық керек. Белсенділік танытқан ауыл-аудан тұрғындарына алғыс білдіремін, - деп түйіндеді марапаттау сәтін аудан басшысы.
Қаршыға Асу
Шыңғырлау ауданы