17.07.2024, 19:32
Оқылды: 226

«Теректі–Ақсай» жолының «жолы» ашылмай тұр

Той жырынан да ұзақ жолдың жырын аудан тұрғындары жаттап алғалы қашан? Таяуда «Барбастау–Ақжайық–Индер» тасжолында халық қалаулылары мен Шағатай ауылының тұрғындары жауапты мердігер компанияның директорына талап қойып, бір ай уақыт берген еді.

B5470829-6349-4F6E-913E-79901ED84D5A

Онымен жол мәселесі шешілсе, жақсы. Керісінше, жығылғанға жұдырық бола түседі. Ойдым-ойдым жолдармен келе жатқанда сапасына бір, жүгі ауыр көліктің ағылып жатқанына бір ашынып, ойың сан-саққа жүгіреді. Халық айтады! Оларды кім тыңдайды? 

Осы орайда бүгін аудандық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссияның төрағасы Әлжан Нұрғалиев, партияның аудандық филиалы атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев «Теректі-Ақсай» бағытына жолға шықты.

Теректіден аттанып, Богдановқа аялдап, Приречный ауылына жақындаған кездегі толқындар толғандарды.

7050A67A-37E3-43CB-BC97-CFC036CE56B0

Олардың айтуы бойынша, күні кеше ел игілігіне берілген жолдың жайы былтыр дауға ұласып, Приречный ауылының ағайындары ауыл тұсындағы әр жерден ойылған жолды жамап беруді талап еткен. Биыл жағдай былтырдан да күрделі. Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырыс беру арқылы жол құрылысының жұмысын «Айдана» ЖШС істеген.

Сол уақытта аталмыш компанияның директоры Армен Амирханян болды. Құжатқа сүйенсек, күрделі емес ағымдағы жөндеу екендігін білеміз.

Ал жұртшылық «Қандай жөндеу болса да, қыруар қаражат бөлінді. Бес жылға жетпей тозғаны дұрыс емес» дейді.

Әлжан Жақсыгерейұлы мен Мирхат Мақсотұлына аудандық мәслихат депутаты Мұрат Бейсенов пен Приречный ауылының әкімі Мейрамбек Жақсыбеков  жолдың сиқын көрсетті. Сондай-ақ халықтың наразылығын жеткізіп, биыл кепіл болу мерзімі аяқталатынын айтып, жанұшырды. Одан кейін жолды қайта жөндеу – неғайбыл.

668E7C5B-874C-4CA4-BC57-8CA67A14DF3D

– Тасжолдың осындай халге түсуінің ең басты себебі – ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс салмақта құрылыс материалын тиеп жүруі деп ойлаймын. Жолдың нашарлығынан көлік апаттарының болуы да өзекті мәселе. Әсіресе түнде жолға шығатындарға өте қауіпті, - деді Мұрат Сатанұлы.

Ереже бойынша бұл жолда жүретін жүк көліктеріне 24 тоннадан артық жүк тасымалдауға рұқсат жоқ. Бірақ бүгінде Бөрліге «арқаланып» бара жатқан жүк көліктері ережеге қарап тұрмаған секілді.

Әзірге бұл сырттай топшылау ғана. Әлжан Нұрғалиев пен Мирхат Ибраев тұрғындар жанайқайын жауаптыларға жеткіземіз, жолдың мұндай мүшкіл күйге түсуіне не себеп екендігін анықтаймыз деп отыр.

Бір қызығы сол Бөрлі ауданындағы жол құрылысына кіріскен «Айдана» ЖШС екен. «Өздері салған жолды өздері шұрқ-тесікке айналдырған ба?» деп, терең ойда тұрғанда жолды күтіп ұстайтын «Орал Жолдарының» шебері Жасұлан Раков келіп, өз пікірін білдірді.

– Біздің міндет – жолды күтіп ұстау. Жол белгілерін қойып, көліктерге кедергі келтіретін қоқыстардан айналаны тазалаймыз, - деді ол өз сөзінде.

Ал «Айдана» ЖШС бастаған жолдың қалайда жыл соңына дейін қайта жөнделгені һәм кем-кетіктердің қалыпқа келгені – халық қалауы.

Әзірше жолдың «жолы» ашылмай тұр...

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале