18.07.2024, 15:30
Оқылды: 265

«Конденсат» инвестор демеуіне иек артпақ

«Конденсат» мұнай өңдеу зауыты – Ақ Жайық өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған белді кәсіпорындардың бірі. Жергілікті бюджетке де қомақты қаржы құйып отырған компания саналады. Заманауи технологияны меңгеріп, көмірсутегі шикізатын өңдеу және жоғары сапалы отын өндіру бағытын желкен еткен компанияның құрылғанына өткен айдың соңында 32 жыл толды. Осы жылдар ішінде шикізат тапшылығының кесірінен зауыт біраз қиындықты бастан кешірді.

2023-06-28-1

«Конденсат» компаниялар тобының басшылығы талай жылдан бері үкіметтік және облыстық деңгейдегі «есіктерді» қағып, табалдырық тоздырғанымен, мәселенің түйіні тарқатылмады. Мәселені шешудің барлық нұсқасын қарастырған «Конденсат» басшылығы ең ұтымды жолды таңдады. Ол – ең алдымен, кәсіпорынның шикізат мәселесін шешуге қабілетті инвесторды тарту. Осындай инвестор табылып, компания тұрмыс-тірлігінде жаңа өзгерістер болады деп күтілуде.  

– Өкінішке қарай, «Конденсат» АҚ ұзақ жыл бойы мұнай өңдеу зауытын шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуде ел Үкіметінің уәкілетті құрылымдарынан нақты қолдау көрмеді. Бұл қуат жүктемесінің төмен болуына және несие қарызының айтарлықтай өсуіне әкелді. Осыған байланысты шикізат жеткізуді өз қолына алатын және банк қарызын өтеуге кепілдік беретін қабілетті стратегиялық инвесторды тарту туралы шешім қабылданды. Мұндай инвестор анықталды. Қазіргі уақытта инвестордың «Конденсат» АҚ басқармасы құрамына заңды кіру кезеңі жүруде, –деді «Конденсат» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісов.

Облыстық «Орал өңірі» газеті отандық кәсіпорынның басындағы келеңсіздікті, шикізат тапшылығы туралы мәселені әлденеше рет көтерді. Негізі, «Конденсат» мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаты жылына 850 мың тонна шикізат өңдеуге жетеді.  Соның ішінде жылына 200 мың тонна жоғары сапалы дизель отыны мен 200 мың тонна бензин шығаруға қауқарлы. Ал 2016 жылы экологиялық тұрғыда өте сапалы, құрамында күкірті 10 мг/кг-дан аспайтын К-5 класты жанармай өндіру желісі іске қосылды. Соңғы жылдары зауыт шикізат тапшылығы кесірінен өз қуатының 4 пайызын ғана пайдаланып жұмыс істеді. Энергетика министрлігі ай сайын зауытқа қажетті 75 мың тоннаға дейін шикізатқа квота кестесін жасағанымен, компанияның оны алатын жері болмады. Өйткені  «ҚПО б. в.» компаниясы өзінің газ конденсатын тұрақтандыру кешенін салып алғаннан кейін, «Конденсат» АҚ-ға шикізатты әлемдік деңгейдегі экспорттық бағамен сатып алуды ұсынды.

01

– «Конденсат» АҚ шикізатты әлемдік деңгейдегі бағамен алуға келіспеді деген қате пікір бар. Мәселе басқада болып отыр. Егер шикізатты ұсынылған бағамен сатып алар болсақ, онда бензин мен дизель отынын ішкі нарыққа арзан бағамен шығара алмас едік. Әрі ондай өнімдердің бағасы екі есе қымбатқа түседі және ешкім сатып алмайды. Бағаны сатып алушы белгілейді. Сондай-ақ түрлі дағдарыс құбылыстарына байланысты Үкімет мұнай өнімдері – бензин мен дизель отынының көтерме және бөлшек саудадағы бағаларын реттеуді өз қолына алуға мәжбүр болды. Бұл өз кезегінде кәсіпорынның қаржылық жағдайын қиындатты, – деп түсіндіреді Валерий Жүнісов «Конденсат» компаниялар тобының сайтында.  

Төрағаның айтуынша, ішкі нарыққа шығатын барлық мұнай көлемі іс жүзінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның үш негізгі зауытының пайдасына бөлінеді. Нәтижесінде ірі зауыттар 95-100 пайызға, ал «Конденсат» АҚ мұнай өңдеу зауыты 10-15 пайызға ғана шикізатпен қамтылды. Сондықтан конденсаттықтар тығырықтан шығудың түрлі жолдарын  іздеді.

«Оның бірі – үш мұнай өңдеу зауытына бағытталатын шикізаттың жалпы көлемінің шағын бөлігін «Конденсат» АҚ-ға қайта өңдеуге беру шешімі қарастырылды. Бірақ «ҚазМұнайГаз» мұндай ұсынысты қолдаудан бас тартты. «Конденсат» АҚ акцияларының бақылау пакетін «ҚазМұнайГазға» беру мәселесі тікелей Үкіметтің уәкілетті құрылымдарымен талқыланды. Бұл «Конденсат» мұнай өңдеу зауытын басқа кәсіпорындармен тең дәрежеде шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін шешім болатын. Бірақ өзекті мәселені ұзақ қарап, сараптағаннан кейін ұсыныс қабылданбады.

09

Қарашығанақтың шикізат қоржынындағы республика үлесінен Қарашығанақ конденсатын сату арқылы шикізатпен қамту нұсқасы қарастырылды. Бірақ бұл нұсқа бойынша да оң шешім қабылданбады. 2022 жылы ғана мемлекет атынан қызмет ететін уәкілетті құрылымдар «Конденсат» АҚ-ның шикізат мәселесін шешуге дайын еместігін түйсіндік», – дейді кеңес төрағасы.  

Содан кейін қалыптасқан жағдайға байланысты компания басшылығы мен акционерлері инвесторларды тарту жұмыстарын бастады.  Олай істемейінше, әрі қарай шығынмен жұмыс істеу мүмкін емес еді. Қазақстан, БАӘ, Ресей Федерациясы, Қытай және Канаданың түрлі инвестор компанияларының өкілдерімен ұзақ уақыт бойы келіссөздер жүргізілген. Сол келіссөздер аясында инвестор анықталды.

– Келіссөздер барысында қазақстандық компания өзінің қаржылық мүмкіндіктеріне сүйене отырып, инвестор ретінде әрекет етті. Инвестор дайын өнімді экспорттауға уәкілетті мемлекеттік құрылымдардан келісім ала отырып, шетелден шикізат жеткізуге келіссөздер жүргізді.  Өнімдердің бір бөлігі Қазақстан аумағында қалады. Инвестордың мәртебесіне келсек, қазіргі уақытта банк қарызына қатысты мәселелерді шешіп жатқан қаржылық компания болып табылады. Бірақ инвестор тарапында өндіріс мәселелерін бағалайтын мамандар жеткіліксіз. Осыған байланысты ол кеңес алу үшін көрші елдерден мамандар тартады. Мұнай өңдеу зауытын шикізатпен қамту біртіндеп жақсарып, кәсіпорын тұрақты жұмыс істейді деп сенеміз, – дейді Валерий Кенжеғалиұлы.

08-1

Бұл күндері зауыттың қуаттылығы біртіндеп артып келеді. Бұл – айтуға оңай өндірістік үрдіс, өйткені шикізат белгілі бір кедендік және қаржылық кедергілерден өтіп келеді. Акционерлер құрамына кірген жаңа инвестор маңызды мәселелер түйінін шешу арқылы өз ниетінің салмақтылығын аңғартқан сыңайлы.

Сонымен қатар инвестор өзге акционерлермен бірге «Конденсат» ұжымына берілген барлық әлеуметтік жеңілдіктер мен пакеттерді, соның ішінде бұрыннан қалыптасқан дәстүрлер мен құндылықтарды  сақтап, қолдауға ниетті. «Екінші тынысы ашылған «Конденсат» АҚ мұнай өңдеу зауыты еліміздің және өңіріміздің экономикалық кешенінің маңызды бөлігіне айналатынына сенімдімін, – дейді Валерий Жүнісов.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале