Отбасыдан бастау алған тәлім-тәрбие Отанның келешегіне, ертеңіміздің жарқын болуына әсер етеді. Әйтпесе дана қазақ «Отан отбасыдан басталады» деп, бекер айтпаса керек. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанның саясаты да ішкі тәрбиеге, отбасыдағы құндылықтарға бағытталып, рухани мұраның өміршеңдігін көрсетіп отыр. Оған дәлел – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы.
Аталмыш байқаудың мақсаты – отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру. Аудандық һәм облыстық кезеңнен тұратын байқаудың қазақ отбасыларына берері мол десек, қателеспейміз.
Теректі ауданында 5 шілде күні аудандық кезең бойынша комиссия мәжілісі өтіп, аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміровтың төрағалығымен байқауға қатысуға ниет білдірген отбасылардың құжаттары сараланған еді. Ұлттық байқауға ауылдық округтерден 8 өтінім түскен. Жасыратыны жоқ, биыл байқаудың деңгейі мен ұйымдастырылуы мүлдем өзгеше өрбіді. Арнайы комиссия қызу талқылап, аудан намысын қорғайтын, яғни облыстық кезеңге жолдама алуға лайықты отбасыны анықтауда аянып қалмады.
Бүгін аудандық мәдениет үйінде алғашқы кезең қорытындыланып, өтініш білдірген отбасылар төрден орын алды. Балаларын жетектеп келген қатысушыларға қарап, ұрпақтар сабақтастығын көріп, көңіл сүйсінді. Тіпті құндақтағы сәбилерімен келген теректілік отбасыларға, ой, пәлі-ай дестік. Теректіде дәл осындай құндылықтар жарасым тапқанына қуандық. Сөз кезегін Қалаубек Баубекұлы алып, ақжарма тілегін айтты.
– Қазіргі таңда отбасы мәселесіне көңіл бөлу, неке институтын берік ету, тәрбиеге мән беру – өте маңызды. Өздеріңізге белгілі жыл сайын өтетін байқауға қатысып, ұл-қыздарыңызбен бірге ортамыздан табылғандарыңыз үшін аудан әкімдігі атынан ризашылығымды білдіремін. Байқау мақсатына жетіп, отбасы татулығын, бірлігін, жауапкершілігін айқындайды деп есептеймін,- деді ол өз сөзінде.
Сайып келгенде Подстепный ауылының бірлігі мен тірлігі жарасқан Жаледденовтар отбасы «Шебер отбасы» аталмына, Богданов ауылының Хрокаловтар һәм Бисеновтар отбасы «Өнегелі отбасы», «Еңбекқор отбасы» аталымдарына, Покатилов ауылының Аманғалиевтер отбасы «Үлгілі отбасы» аталымына және шағатайлық Бисеновтар «Спортшылар отбасы» аталымына ие болды.
Ал жүлделі ІІІ орынға Долин ауылының Шариповтар, ІІ орынға Подстепный ауылының Зинуллиндер отбасы лайық танылса, І орынды Покатилов ауылының абыройын асқақтатқан Тілесовтар отбасы қанжығасына байлады.
Байқау жеңімпаздары 2003 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінгі таңда 5 қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Отағасы Жасұлан Тілесов «Qazaqgaz Aimaq» Акционерлік қоғамында слесарь жұмысын істейді.
Оны аудан жұртшылығы жақсы таниды. Кез келген спорттық іс-шараларға қатысып, спорт десе, ішкен асын жерге қоятын азамат. Бұл әулеттің ендігі кезекте Теректі ауданының атын облыста шығарып, сенімді ақтайтынына шүбә жоқ.
Барша отбасыға соңғы үлгідегі техникалық сыйлықтардан бастап, жүлдегерлерге газ плита, кір жуғыш машинасына дейін берілді. Сондай-ақ ұлттық байқауда бақ сынаған отбасылардың құрметіне аудан өнерпаздары Злиха Қалмағанбетова, Оралхан Темірғалиев, Бақытгүл Қабашева, Елжас Мағзом мен Айбек Дәулетқалиев әннен шашу шашып, күй күмбірлетті.
Байқаудың аудандық кезеңінің осылайша мәресіне жетуі көңілге серпін берді. Біз мұнымен аудандағы отбасылық құндылықтардың өз биігінде екендігін байқаймыз!
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы