19.07.2024, 16:30
Оқылды: 38

«Жәнібек–Орал» бағытында жаңа автобус іске қосылды

Кеше №136 «Орал-Жәнібек», «Жәнібек-Орал» бағытындағы жаңа 49 орындық «King Long» автобусы алғашқы жолаушыларын Орал қаласынан аудан орталығына жеткізді. Жолаушыға лық толы су жаңа қоғамдық көлікті «Сайхаденова У.И.» жеке кәсіпкерлігінің ұжымы салтанатты түрде күтіп алды.

D5DAC246-F6C7-4F1B-AF9C-429A9227CA5F

Бүгін аудан әкімі Тимур Шиниязов соңғы үлгідегі кең әрі жайлы заманауи автобусты көріп, 2019 жылдан бері жолаушы тасымалын ұйымдастырып келе жатқан Марлен Сайхаденовты құттықтап, жолаушылардың көп болуына тілектестігін білдірді.

Кәсіпкер М.Сайхаденовтың айтуынша, автобустың жалпы құны 67 млн теңгені құрайды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» бағдарламасы арқылы кепілсіз 6 пайыздық мөлшерлемемен 3 жылға несие рәсімдеген. Автобусқа қоса жаңа шағын автобусты да бірге сатып алған. Жаңа шағын автобус бұдан бұрын жолаушыларды тасымалдап жүрген шағын көліктерді жаңарту мақсатында алынып жатыр.

7C6CE8AD-26D3-473F-A19B-D673CD58BD51

– Жаңа автобус жылдамдықты шектеу, қозғалыс интервалын бақылауға арналған GPS жүйесімен жабдықталған, жергілікті жердің климаттық жағдайына бейімделген салқындатқышы мен жүк салатын арнайы бөлімі бар. Тұрғындарға өте ыңғайлы. Әзірге аптасына екі рет жүретін болады. Алдағы уақытта тұрғындардың сұранысы бойынша кесте жасақталып, жиі жүруді қолға аламыз, - деді кәсіпкер.

00633D28-D9DF-4B9F-ACB9-716BD4ED8172

«Автобустың маңызды жері – тұрғындардың жолдағы қауіпсіздігі. Көлік жылдамдықты асырмай, GPS жүйесімен бақылауда болады. Биыл жолаушылар тасымалына 1 мамырда «Қамысты-Орал» «Орал-Қамысты» бағыты қосылса, жақын арада ауданаралық, яғни «Сайхын-Жәнібек» «Жәнібек-Сайхын» бағытын іске асыру жоспарда бар. Себебі Бөкей ордасы ауданының тұрғындары аудан орталығына жеке шаруаларымен жиі келіп кететінін көріп жүрміз», - деді аудан басшысы.

1B9563B9-8A05-4DFB-A579-C4BC5286B6FB

P.S. Жаңа қоғамдық көлік аудан тұрғындарының қаражатын әлдеқайда үнемдейтіні сөзсіз. Алда балалардың мектепке дайындығы басталады. Қалаға сабылатын ата-ана мен баланың саны артады. Автобусқа сұраныс артып, жолаушылар екі есеге дейін ақшасын үнемдеп әрі қауіпсіз жететін болады. Яғни патенті мен кәсіпкерлігі, жолаушыларды сақтандыратын құжаты жоқ «пират» таксилердің саны азаяды. Бұндай таксиге мінген тұрғын тақымын қысып, жету керек жеріне аман-есен жетуін Алладан тілеп отырады. Себебі «жолаушыларды тасымалдаймын» дейтін тасымалдаушылар көлігіне отырған адамның өміріне жауапты емес.

Гүлзара Мәди

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале