«Ауыл аманаты» бағдарламасы бастау алғалы елдің әлеуеті артып, кәсібі өркендеді. Сөзімізге дәлел болуы үшін тарқатайық. Теректі ауданына биыл 106 жоба үшін 838 млн теңге бөлініп, 125 жұмыс орны ашылды.
Бағыттардың ішінде мал шаруашылығы 54 бірлікті, өсімдік шаруашылығы 5 бірлікті, құс шаруашылығы 10 бірлікті, бизнестің басқа түрлері 29 бірлікті, кооперативтер 8 бірлікті құрады.
Бүгінгі таңда несиені алып, қызу жұмысқа 10 кәсіпкер кірісті. Қатарға құс, өсімдік шаруашылықтарынан бөлек балық шаруашылығы қосылды.
Екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін шаруашылыққа ниет білдірген кооператив төрағасы – Ринат Саттарұлы. Барбастау ауылында құлаш жайған «Barbastau river» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің негізгі шарттары ашық су қоймасында және тоғанда карп, форель тұқымдас балықтарды өсіру екен.
Табиғаты тұмса орынға барып, кооператив мүшесі Берік Талантұлымен пікірлестік.
– Бағдарламаның көмегімен 25 мың дана карп, 5 мың дана форель шабағын һәм арнайы құрал-жабдықтар сатып алдық. Алдағы уақытқа жоспар құрып үлгердік. Сәтін салып, ойдағы жұмыстар үйлессе, балықтарды нарыққа шығарып, халыққа ұсынғымыз келеді, - деді ол өз сөзінде.
Су ортасында 3 адам жұмыс істейді. «Barbastau river» мұнымен тоқтап қалмайды. Болашақта бос жұмыс орындарын жариялап, тұрғындарды жұмыспен қамтығысы келеді. Салаларына адал болғандары соншалық, өз тараптарынан ихтиолог маманды оқытып жатыр.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы