23.07.2024, 17:30
Оқылды: 227

Бөрлілік Ержан Молдағалиев облыстық байқауда жүлдегер атанды

Қай заманда, қай қоғамда өмір сүрсек те, адамзаттың басты қатынас құралы саналатын тілдің маңызға ие екені белгілі.

E1C6A299-A3E0-4D44-BA34-1AF2358CD3D4

Соңғы кездердегі зерттеулер бірнеше тіл білетіндердің басқаларға қарағанда ұқыптырақ, ойын тез жинақтап айтуға қабілеттірек келетіндігін анықтап жатыр. Оның басты себебі адам бір тілден екінші тілге ойлауға көшкенде, оның миы ақпараттарды шапшаң реттеп, ең маңыздыларын тез іріктеп алуға машықтанады екен.

Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдаструымен «Тіл шебері – 2024» облыстық байқауы өтті. Байқаудың шарттарына сай қазақ, орыс, ағылшын тілдерін шебер меңгерген 20-40 жас аралығындағы мекемелердің қызметкерлері қатысуға мүмкіндік алды.

Үш кезеңнен: «Елтаным» (Қазақстан тарихы төңірегіндегі сауалдар, ойтолғау), «Сөзтаным» (ұсынылған тақырып бойынша ағылшын тілінде ауызша тұсаукесер жасау) және «Ойтанымнан» (орыс тілінде ұсынылған мақал-мәтелдің мағынасын орыс тілінде түсіндіріп беру) құралған байқауға Жайық өңіріндегі белді мекемелер мен кәсіпорындарының жас мамандары қатысты.

952C9315-6A88-4BF5-A410-49BE8C9F2B23

Ауданымыздан тіл додасына қатысқан Бөрлі колледжінің арнайы пән оқытушысы Ержан Молдағалиев – үш тілді де жетік меңгерген жас мамандардың бірі. Тілге қызығушылығы мектеп жасынан басталған. Бос уақытын ағылшын тілін жетілдіруге арнаған Ержан Берікұлы бұл пайдасы мол іске өз әріптестерін де тартты.

Осыдан бірер жыл бұрын Бөрлі колледжінің бір топ оқытушысы ағылшын тілі курсына қатысып, біліктіліктерін арттырды. Тіл – үнемі өзгеріп тұратын құбылыстардың бірі. Сөйлеу әдебі мен тіл мәдениетін дамыту үшін тынымсыз ізденіс пен тілдік орта қажет.

– Цифрлық технологиялар дамыған Қазақстанда өз бетінше тіл, өнер, кәсіп меңгеру аса қиын емес. Бастысы – ниет пен тынымсыз ізденіс, еңбектену қажет, - дейді кейіпкеріміз Ержан Берікұлы.

Байқау қорытындысы бойынша Бөрлі ауданының намысын қорғаған жерлесіміз жүлделі ІІІ орынды еншіледі.

Айжарық Нұр

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале