Бүгін Қаратөбе ауданы орталығындағы алаңға жиналған жұртшылық алдында аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев Ғарифолла Құрманғалиев атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығына «ГАЗель некс» автокөлігінің кілтін табыстады.
Салтанатты жиында сөз алған аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы ауданның мәдениет саласы қызметкерлерінің жұмыстарына сәтілік тілеп, мәдени-демалыс орталығының жаңа көлігіне құтты болсын айтты.
– Қасиетті Қаратөбе – өнер ордасы. Мәдениетімізді өркендету бүгінгі күннің басты талабы. Ауданның намысын қорғап, тыным таппай еңбек етіп келе жатқан мәдениет саласының көркемөнерпаздары бірнеше жылдан бері көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Оған куә, ауданнан көптеген өнер адамдарының елге танымал болғаны дүйім жұртқа аян. Мемлекет тарапынан мәдениет саласы қызметінің арта түсуіне баса назар аударылып келеді.
Саланың материалдық-техникалық базасы жыл сайын артып келеді. Жаңа көліктерің құтты болсын, жұмыстарыңызға сәттілік, - деді аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев.
Қуанышты жиында жас әнші Т.Қыдырғали «Еліммен мақтанамын» әнін орындап, жұршылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар мәдени-демалыс орталығының материалдық базасы кәсіби мамандарға арналған «Корг» синтезаторымен толықты. Аудандық мәдени-демалыс орталығының маманы Нұржан Жұмашаев «Корг» синтезатормен белгілі өнерпаз Төлеген Мұхамеджановтың «Балалық шақ» атты композициясын орындап берді.
Ерболат Мырзағұлұлы Қаратөбе ауданы