29.07.2024, 12:30
Оқылды: 211

Оралда «Ғұмырдың ақ сәулесі» кітабының тұсаукесері өтті

Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің озық қызметкері, ұлағатты ұстаз, өлкетанушы, ақын Темір Отаровтың «Ғұмырдың ақ сәулесі» кітабының тұсаукесері өтті.

IMG_8800

Сиясы кеппеген жаңа кітап «Өлең өрнегі», «Қаратөбе – тұнған тарих», «Өз биігінде көрінген азамат» бөлімдерінен тұрады. «Полиграфсервис» баспаханасынан 300 данамен шыққан кітап оқырманға жол тартты.

Темір Отаровтың зерттеу еңбектері мен өлеңдері жарық көрген жинақтың тұсаукесерінде кітапты құрастырушы-автор ҚР Ақпарат саласының үздігі, ақын Ертай Бимұханов өлкетанушы, ұлағатты ұстаздың өмір жолына, шығармашылығы мен зерттеу еңбектеріне шолу жасады.

IMG_8779

Өлке тарихына терең бойлаған азаматтың аты ешқашан ұмытылмайды, аласармайды да. Тиісінше, жылдар өткен сайын саф алтындай жарқырай түседі.

Тағылымы мол шарада қаламгердің өлшеусіз еңбегі туралы жерлесі, білім беру саласының ардагері Аман Жүсіпқалиев:

– Жерлесімнің жаңа кітабының тұсаукесерінде мерейіміз тасып, көңіліміз көншіп отыр. Кітап – рухани байлықтың қайнар көзі. Темірдей талантты тұлғаның қаратөбелік екеніне мақтанамыз. Темірмен Б.Аманшин мектебінде қызметтес болдық. Ұлағатты ұстаз мектебімізге қызметке келгенде шамшырақ жағылғандай жаңа леп ала келді. Өлкетанушылық бағыттағы еңбектері ұшан-теңіз. Қаратөбенің жер-су атауларын зерттеп, жерлестеріне танытты. Өзіндік пікірі бар, еңбекқор, шығармашыл азамат болды. Жас ұрпақ Т.Отаровтың кім болғандығын танып-білуі керек?! Өлкетанушы жайлы, ұстаз жайлы танымдық жұмыстар жалғаса беруі керек, - деді.

IMG_8775

Кітап тұсаукесерінде Қаратөбе аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Меңдешов, Т.Отаровтың бірге оқыған группаласы, театр ардагері Құжырғали Төлеуішов, танымал қаламгер Амангелді Шахин, әріптестері Клара Көбенқұлова мен Бақыт Шканова, шежіреші Тілек Сағынов, сонау Алматыдан алып-ұшып жеткен балдызы Қалау Утесбаевтар Темір аға туралы жып-жылы естеліктерімен бөлісті.

Тағылымы мол шарада қаламгердің қарындасы Райса Отарова мен ұлы Алтынбек Темірұлы кітап тұсаукесеріне жиналған барша азаматтарға, кітапты құрастырушы Ертай Сағындықұлына алғаусыз алғысын жеткізді.

«Ғұмырдың ақ сәулесі» атты жаңа кітаптың лентасын өлкетанушы Тілек Сағынов, мәдениет саласының ардагері Құжырғали Төлеуішов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Амангелді Шахин, Т.Отаровтың ұлы Алтынбек Темірұлы қиды.

IMG_8773

– Бұл еңбекте батысқазақстандық өлкетанушы, ақын, ұстаз Темір Отаровтың көзі тірісінде соңғыға мұра етіп қалдырған өлкетану бағытындағы зерттеу еңбектеріне қоса, бұрын еш жерде жарияланбаған өлеңдері топтастырылған. Еңбекке Қаратөбе аудандық мұрағат мекемесі мен марқұм Т.Отаровтың отбасылық жеке мұрағатында сақталған материалдар сұрыпталып, өңделіп пайдаланылды. Кітап Т.Отаровтың отбасы мүшелерінің, ұл-қыздарының, бауырларының, ағайындарының қолдауымен жарыққа шығып отыр. Кітап жалпы оқырманға арналған. Кітаптың мұқабасын жасаған – белгілі суретші Бекжан Жұмабаев, - дейді кітапты құрастырушы-автор Ертай Бимұханов.

Кітап тұсаукесерінде айтыскер ақын Райымбек Өтепов арнау арнаса, әнші-термеші Мереке Есқайыров терме орындап, күйші Аңсар Бердіғалиев күй тартты.

Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале