Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан жолдарындағы қауіпсіздік мәселелері қаралды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Көлік министрі Марат Қарабаев өз саласы бойынша, бірқатар облыс әкімдері өңірлердегі ағымдағы ахуал туралы баяндама жасады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі жазды.
Сурет: Үкімет
ІІМ мәліметінше, елімізде жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мыңнан астам адам жарақат қалады. Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында жол-көлік оқиғаларының ең жоғары көрсеткіші тіркелді.
Үкімет басшысы елімізде жол апаттарының саны азаймай отырғанын айта келе, еліміздегі өлім-жітімге мысал келтірді: осы жылдың 6 айында мыңға жуық адам қара жолдың үстінде қаза тапқан.
Мәселен, 18-ші маусымда Алматы облысының Шелек ауылында кешкілік уақытта «Шелек-Қорғас» автожолын белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған 10-шы сынып оқушысын көлік қағып кетіп, оқушы бала көз жұмды. Жолдың бұл бөлігінде жаяу жүргіншілерге арналған өтпежол да, жарықтандыру да болмаған.
«Өңір әкімдіктері бағдаршаммен реттелетін жаяу жүргінші жолдарының санын көбейтіп, қоршаулар мен жарықтандыруды орнатуы қажет. Әсіресе, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында жұмысты күшейтуді тапсырамын. Барлық жол-көлік оқиғаларының, адам өлімі мен жарақат алу жағдайларының жартысы аталған өңірлерде орын алып отыр», — деді Олжас Бектенов көлік жүргізу мәдениетінің, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің ереже сақтау тәртібінің деңгейі төмен екеніне назар аудара отырып.
Елімізде жолдағы құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қатаңдатылды. Соған қарамастан, жыл басынан бері 6 млн-ға жуық жол ережесін бұзудың жолы кесілді, 12 мыңнан астам «мас» жүргізуші ұсталды.
Үкімет басшысы мұндай тәртіп бұзатындарға өте қатаң шаралар қолданылуы қажеттігін баса айтты.
Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, әрбір өңір бөлінісінде жол апаттарына жан-жақты талдау жүргізу тапсырылды. Осы негізде және жергілікті жағдайларды ескере отырып, апаттар ең көп болатын учаскелерде жол қозғалысын қадағалауды күшейтіп, қажетті шаралар қабылдау керек.
Оқу-ағарту, Туризм және спорт министрліктері мен әкімдіктер оқушыларды білім беру және спорттық іс-шараларға жіберу кезінде полиция қызметкерлерінің міндетті түрде жол бастап жүруін қамтамасыз етуі қажет.
Көлік министрлігі «Атамекен» палатасымен бірлесіп, жекеменшік таксилердің, әсіресе олардың қалааралық маршруттардағы қызметін ретке келтіру жөнінде қосымша шаралар қабылдасын. Өңір әкімдіктері қауіпсіз жол инфрақұрылымын құру бойынша қосымша шаралар қабылдасын. Сондай-ақ тұрғындармен автожолдар маңында мал жаюға қатысты жұмысты күшейткен жөн.
Жалпы, Ішкі істер, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері, әкімдіктер жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруы қажет.