31.07.2024, 10:15
Оқылды: 176

Бөрлі ауданында «Демалыс» жедел-профилактикалық алдын алу іс-шарасы өтті

Күн жылынып, жер аяғы кеңи бастаған кезде полиция қызметкерлерінің жұмысы одан әрі қызады. Себебі жастардың көше кезіп жүретін уақыты басталады. Бұл жағдайлар жыл мезгіліне қарамастан болатынын бәріміз де білеміз. Дегенмен күн жылынған кезде, әсіресе сабақ аяқталып, балалар жазғы демалысқа шыққан уақытта олардың көшеде белгіленген уақыттан кейін жүруі жиілей бастайды.

06DA632F-1F59-45FE-A26D-F1A3CA78543E

Қоғамдағы қылмыс оқиғаларының алдын алудың аса маңызды шарттарының бірі – кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл қазіргі уақыттағы басты мәселелердің бірі болып отыр. Себебі кейінгі уақытта кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында қылмыс оқиғаларының болуы жиілеп кетті. Бұл оқиғаларды біз жаңалықтардан немесе әлеуметтік желілерден көріп жүрміз.

Сол себепті Бөрлі аудандық полиция қызметкерлері жасөспірімдердің қатысуымен болатын оқиғаларды болдырмау мақсатында жедел алдын алу шараларын өткізіп тұрады.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, былтырғы жылы жеті, ал биылғы жылы төрт жедел алдын алу шарасы ұйымдастырылған екен. Мысалы, «Түнгі қаладағы балалар», «Демалыс» және т.б. деп аталып кете береді.

E3C80EC8-8E61-48D7-938F-C282D2B8C5C0

Еліміздің заңы бойынша сағат 22.00-ден кейін кәмелет жасқа толмаған бала ойын-сауық орталықтарында, ал 23.00-ден кейін көшеде жүрмеуі тиіс екені бәрімізге белгілі. Балалардың өміріне ата-анамен қатар құқық қорғау органдары және білім беру бөлімінің қызметкерлері де жауапты саналады.

Дегенмен бұл заңға жасөспірімдердің мойынұсынғысы келмейтіні тағы бар. Жыл бойына жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы шаралар мен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырғанымен, түнгі уақытта балалардың көше кезіп жүруі тыйылар емес.

Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімнің заңды тұлғасыз көңіл көтеретін орында отырғаны анықталса, бірінші кезекте хаттама толтырылып, мекеме басшылығына және ата-анаға айыппұл салынады. Ал 23.00-ден кейін баланың жалғыз көшеде жүргені белгілі болған жағдайда бірінші ескерту жасалады, ал екінші мәрте қайталанса 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Жыл сайын кәмелеттік жасқа толмаған балалармен жұмыстану үшін полиция қызметкерлері аудандық білім бөлімімен және мектеп басшылығымен бірге арнайы іс-шаралар ұйымдастырып отырады. Іс-шаралар аясында оқушылармен кездесулер ұйымдастырылып, оларға кешкі уақытта көшеде жүру ережелері түсіндіріледі. Балалардың көшеде жалғыз жүруі, көпқабатты үйлердің ауласында шулап отыруы немесе ата-ананың беймезгіл уақытта дүкенге жұмсап жіберуінің өзі – көп кездесетін жағдайлар.

469F6285-11DA-423D-88FD-7AF9E9756628

Кей уақытта балалардың түнгі мезгілде көшеде жүруінің соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Себебі неше түрлі қылмыстық оқиғалардың дені түнгі мезгілде болады. Кейбір кезде баланың туысының қарауында көшеде жүргені анықталып жатады. Заң бойынша әр бала өзінің заңды өкілі, яғни ата-анасының қарауынсыз көшеде немесе көңіл көтеретін орындарда жүрмеуі тиіс. Бұл заңды бірі білсе, енді бірі біле тұра назар аудармайды да.

Ауданда осы жылдың 25-27 шілде күндері аралығында «Демалыс» жедел-профилактикалық алдын алу іс-шарасы жүргізілді. Бұл іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу және құқық бұзушылықты болдырмау. Рейдке полиция қызметкерлері және кәмелетке толмағандар ісінің комиссия мүшелері шықты. Олар рейд барысында қаламыздағы ойын-сауық және тамақ ішу орындарына барды.

– Бүгінгі рейдтің мақсаты – кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің заңды өкілінсіз жүруін анықтау. Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінде бір қолайсыз отбасы есепке қойылды. 25-27 шілде аралығында өткен «Демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасында ҚР ӘҚБК-нің 442-бабы, яғни кәмелет жасқа толмағандардың заңды өкілінсіз жүруі бойынша 11 факті анықталып отыр. Сонымен қатар ата-ананың бала тәрбиесімен айналыспауы, яғни 127-бабы бойынша бір факт анықталған. Алдағы уақытта да жасөспірімдердің қоғамдық орындарда қылмыс жасамау және басқа да әкімшілік құқық бұзушылық оқиғалары туралы ескертеміз, - дейді аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Саламат Бисалиев.

Дегенмен шынына келгенде қазір жасөспірімдер көшеде жүріп, полиция қызметкерлерінен тығылып қалуды үйренген. Мысалы өзім тұратын үйдің алдында бір жыл бұрын балалар ойын алаңы ашылған болатын. Биылғы жылы байқағаным, 23.00-ден кейін жасөспірімдердің көшеде жүруі азаяр емес. Олар полиция қызметкерлерінің қай уақытта біздің көшені тексеріп, аралайтынын да жаттап алыпты. Сол уақыт жақындаған сәтте бәрі тығылып қалады. Кейін қайта шығады. Балалар екінші мәрте тексеретін уақытқа дейін жүреді де, қайтадан ойын алаңы тып-тыныш болып қалады.

Бір уақытта балалардың дауысын қайта ести бастаймыз. Балалар тіпті полиция көлігін көрсе бір-біріне телефон шалып, хабарлауды да үйреніп алыпты. Бұл жағдайларды көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Кей уақыт олардың шуынан терезе ашу да мүмкін емес болып кетеді.

Себебі қазіргі балаларға мотоцикл, электровелосипед пен мопедтер тіпті жақсы болды. Жол бойында бір-бірімен жарысады да жүреді. «Сақтықта қорлық жоқ», «Қауіп аяқ астында» демекші, бұл ойындардың арты оқыс оқиғаға ұласпауына кім кепіл?

Жазғы демалыстың аяқталуына бір ай уақыт қалды. Балаларыңыздың түнгі жүрісін қадағалаңыздаршы, құрметті ата-ана дегеннен басқа не айта аламыз.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале