Бұл суреттегі ешкіні ешкім бояған жоқ, бояу кімнің ойына келсін?! Бұл – қарамайға батып, абырой болғанда, аман қалған ешкі. Өзгелерінің бұлай жолы болмапты, қарамайдың түбінде жатыр. Редакцияның поштасына осы суретті Жайық ауылының тұрғындары жолдапты.
Әңгімені әріден бастайық. Кеңес уақытында Чапаевтың гүрілдеп тұрған кезі болатын. Түрлі өндіріс орындары ауылдың атағын алысқа жеткізіп, осындағы комбинаттан шыққан өнімдер сонау Мәскеуде саудаланған күндер еді. Чапаев пен сол кезде Фоефан (қазіргі Жайық) ауылының дәл ортасында асфальт зауыты да болды. Зауыт өндірген құрылыс материалдары күре жолды күтіп ұстауға жетерлік болмаса да, шағын ауыл ішіндегі жолдарды реттеуге жеткілікті еді.
Кеңес үкіметі қалай келмеске кетті, асфальт зауытының да дәурені аяқталды. Қазір зауыттың орнында үйінді мен сай толы қарамай ғана қалған. Міне, осы қарамайдан Жайықтың тұрғындары жапа шегіп отыр.
Тұрғындар иеліктегі уақ жандықты бұрынғы зауыт бағытында жаяды. Ірі қара да сол жақта. Кезінде сиыр-баспағын солайымен жұтып қойған сайды сыммен қоршап қойыпты Чапаев ауылдық округінің әкімдігі. Ауыл тұрғындары осы мәселені есепті жиындарда көтере берген соң, істелген әрекет те. Ал енді ойлап қараңызшы, кердіріп тартқан сым уақ жандыққа тосқауыл бола ала ма? Жоқ, әрине!
Поштаға хат жолдаған ауыл тұрғындарының тағы бір шағымы шектен тыс көбейіп кеткен бұралқы иттерге қатысты. Суретпен бірге жолдаған қосымша мәтінде бұл мәселені олар былай түсіндіріпті.
«...Бұралқы ит бағымдағы малға шауып, бағымнан береке қашты. Бұл иттер адам көрмеген. Күшік кезінде лақтырылып тасталған хайуандар ауылдан алшақта өсіп, көбейіп, қасқырланып кетті. Адамнан ықпайды, көзімізше кішкене бұзауларды, тайқардай қошқарларды сүйреп құлатып, жұлып жеп қойды жыртқыш құсап. Бір амалын алмаса, ауылдан Чапайға жаяу шыққан балаларымызға зияны тие ме деп қорқамыз. Әрі сайды сыммен қоршаған жеткіліксіз, бұралқы ит қуған соң, жаны қысылған уақ жандық сайға қарай қашып, қарамайға батуда. Айналасын қаңылтырмен, болмаса ағашпен мал өтпейтіндей етіп қоршап берсе деген тілегіміз бар».
Малы қарамайға жұтылып, итке таланған ауыл тұрғындары жолдаған хат пен суретті жариялай отырып, жайықтықтардың жанайқайына Чапаев ауылдық округінің әкімдігі құлақ түріп, сайдың айналасын дуалмен қоршап, бұралқы иттерге бір амалын алсын деп аманат етеміз.
Редакция бұл мәселені назарында ұстайтынын хабарлаймыз.
«Жайық таңы»
Ақжайық ауданы