31.07.2024, 17:45
Оқылды: 158

Ақжайық ауданына «Отбасы банктің» өкілдері келді

«Болсыншы әр отбасы баспаналы!» Бұл – ипотека нарығында еліміздегі бірегей қаржылық ұйым «Отбасы банктің» ұстанымы.

07157B2E-8CD8-4672-9407-A914D7C2A357

Баспанамен қамту саласында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыратын бірегей оператор да осы «Отбасы банк». Мемлекеттік бағдарламаларды оқырманның назарына тектен тек салып отырғанымыз жоқ, өткен аптада аудан орталығына іс-сапармен келген банк өкілдері тұрғындарды жеке-жеке қабылдап, тұрғын үй депозиті, мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген ипотекалық несие алу шарттарын түсіндірді.

Әрине, аудан орталығында өткен бұл шара тұрғындарды түгел дерлік қамти алмайтыны түсінікті, сондықтан банк өкілдерімен сұхбаттасып, оқырмандар біліп жүрсін деген ниетпен ипотека нарығындағы мемлекеттік бағдарламалардың бірқатары туралы ақпарат алдық.

Егер сіз жергілікті әкімдікте баспанаға мұқтаж жан ретінде кезекте тұрсаңыз, сонымен бірге көпбалалы немесе мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы, I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатынан болсаңыз, ең тиімді «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы несие алуға мүмкіндігіңіз бар.

Бұл бағдарлама бойынша ең төменгі бастапқы жарна көлемі – 10 пайыз, несие жыл сайынғы 2 пайыздық үстемемен 20 жылға беріледі.

Бағдарлама бойынша үйді қалай алуға болады? Ол үшін Сіз тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісімшартты бекітуіңіз керек. Сосын otbasybank.kz. жылжымайтын мүлік порталында сатылатын нысандарға қатысуға өтініш беріп, содан кейін төлем қабілеттілігін бағалаудан өту қажет.

Атап өткеніміздей, ең төменгі бастапқы жарна несие сомасының 10%-на тең. Ақшаны банк бөлімшелері, интернет-банкинг, Отбасы банкінің төлем терминалдары немесе банктің серіктес ұйымдарының интернет-банкингі мен төлем терминалдары арқылы аударуға болады. Осыдан соң Отбасы банкіне отбасыңыздың мәртебесін растайтын әкімдік берген құжат, кәмелеттік жасқа толған отбасы мүшелерінің жеке куәліктері және балалардың туу туралы куәліктері, неке қию немесе неке бұзу туралы куәлік, соңғы 6 ай ішіндегі табыстарды растайтын құжаттар, оның ішінде ерінің немесе әйелінің, сондай-ақ қажет болған жағдайда қосалқы заемшының атына берілген құжаттар апарып, төлем қабілеттігін бағалау ресімінен өтесіз.

Төлем қабілетіңіз расталған соң, баспананы сатып алу-сату келісімшартын бекітіп, жұбайыңыздың кепілге рұқсатын (қажет болған жағдайда) алу керек. Содан кейін Халыққа қызмет көрсету орталығында немесе нотариуста кепілді тіркеу керек. Осыдан соң несие беріліп, армандаған баспанаға көшіп бара аласыз.

Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы туралы бірер сөз. Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 14,4 %, несие мерзімі 10 жылға дейін, бастапқы жарна – 15 пайыз. Бағдарламаға жұмыс істейтін 18 жастан 65 жасқа дейінгі әйелдер қатыса алады. Отбасының максималды кірісі 640 000 теңгеден аспауы шарт. Бағдарлама шарттары бойынша несие алған нәзік жанды кез келген баспананы, тіпті құрылысы бітпеген баспананы да сатып ала алады. Егер үміткердің несие алуға табысы жетпесе, екі адамға дейін қосалқы қарыз алушыларды тартуға болады.

ҚР Президентінің тапсырмасымен биыл ипотекалық нарықта «Отау» және «Наурыз» деп аталатын екі мемлекеттік бағдарлама пайда болды. Биыл осы бағдарламалар аясында өтініштер қабылданып, қазіргі таңда оның қатысушылары тиісті құжаттарын тапсыруда. Бұл бағдарламалар алдағы жылдары да жалғасын табады. Сондықтан талаптарын түсіндіріп өтсек.

«Наурыз» бағдарламасы бойына несие келесі шартпен беріледі: бастапқы жарна – мүлік құнының 20 пайызы, жылдық мөлшерлеме – 9%, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – 7%. Несие мерзімі Несие алушыға қойылатын негізгі талап – өтініш бергенге дейін 5 жыл бойы үйге меншік құқығының болмауы. Банктегі жинақ 1 миллион теңгеден астам болуы қажет.

«Отау» ипотекалық бағдарламасының шарттары «Наурызға» ұқсас. Алғашқы жарна – 20%. Несие мөлшерлемесі 9%. Мұндағы бір ерекшелік – өтініш беруші тек өзі тұратын аймақтан ғана үй сатып ала алады. Бағдарламаға қатысушылардың 1 миллион теңге сомасында кемінде бір жарым жылдық депозиті болуы керек. Соңғы 5 жылда иелігінде баспананың болмауы да шарт. «Наурызда» баспананы тек бастапқы нарықтан сатып алуға рұқсат етілсе, бұл бағдарлама бойынша қайталама нарықтан тұрғын үйді сатып алуға болады.

Әсия Шырай

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале