2.08.2024, 9:15
Оқылды: 41

Теректілік соғыс ардагері 98 жасқа толды

Теректі ауданындағы Ақжайық ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Лев  Дорофеев  98 жасқа толды.  Осы орайда Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Қадыралиев пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Әкім  туған күн иесінің шаңырағына арнайы барып, жылы лебіздерін білдірді.

156EC2B4-CC30-4A91-A4D5-CC4E910B94FA

Айта кетейік, Лев Иванович 1926 жылы 1 тамызда Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданында дүние есігін ашқан. Ол 1943 жылы әскерге шақырылып, Башқұртстанның Белибей қаласында байланысшылар дайындайтын бөлімде шеберлігін жетілдіреді. Оның Екінші дүниежүзілік соғыста байланысшы болуы тегін емес, тіпті қаннан берілген деп айтуға болады.

Өйткені, әкесі Иван Дорофеев Орал қаласында байланыс саласында қызмет атқарған. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін оны Жымпиты, Қаратөбе аудандарында пошта, радио байланысын қалпына келтіруге жібереді.

Майдангер 1944 жылы 1 тамызда дәл он сегіз жасқа толған күні алғашқы шайқасқа қатысады. Осы айқаста ауыр жарақат алған жауынгер төрт ай емделіп, қатарға қайта қосылады. Әуелі Беларусь жерінде болған ол І Прибалтика майданы 879-атқыштар полкіне жіберіледі. Полк құрамында Латвия, Литва жерін жаудан азат ету ұрыстарына қатысқан.

2A8735A5-7D7F-482F-9B06-34669B2D2C3D

Қандыкөйлек жолдасы Николай Бондаренко (ол да Жымпитыдан) екеуіне рота мен батальон командирлері арасындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ету тапсырылады. Латвия жерінде оң жамбасынан ауыр жарақат алып, аяғынан айырылу қаупі туады. Десек те госпитальда емделіп шығады.

Жеңісті Шығыс Пруссияда, Балтық теңізі жағалауында қарсы алған Л.Дорофеев соғыс кезінде екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Емен-жарқын жүздесу барысында Лев Иванович елімізге тыныштық пен бейбіт өмір тіледі.

Айшабибі Мәмет

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале