6.08.2024, 12:00
Оқылды: 153

«SuperNovas» балаларға не берді?

Осыдан екі жыл бұрын қолыма Жәнібек ауданынан келген хат түсті. Онда такси қызметін ұсынушы «ІnDriver» компаниясының басшысы Арсен Томский бастамасымен балаларды футболға баулуға арналған жаңа жобаның тұсауы кесілгені туралы сөз болды. «Искра» атауы берілген жобаға аудандағы №1 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дастан Әбдірешев жетекшілік ететіні жазылған.

F03DE90A-F095-4C7D-B8CA-A347E9488BA3

Ашылуы айқайлағанымен, ақыры оңбай қалатын талай жоба-жоспарды көрген соң ба екен, әйтеуір, «Искраның» болашағы барына онша сене қоймадым. Көп ұзамай жаңадан ашылған жәнібектік команда ойыншылары Ресейде өткен жарыста тамаша өнер көрсеткені туралы ақпарат көзге түсті. Күні кеше ашылған жоба жұмыс басында үнемі жақсы көрінеді. Әліптің артын бағайық деп тағы да назар аудара қоймадым. Бірақ шалғайдағы жас футболшылар мен бапкерлерін назарда ұстадым. Содан не керек, көрші ел кәсіпкерінің қолдауымен ашылған команда өзі қатысқан барлық жарыста жеңіске жететінді шығарды. Қарсыластарына 4 голдан кем соқпайды. Тіпті 12-0, 13-0 деген есепті тіркеп, таңдай қаққыза бастады. Жәнібек ауданының жас футболшылары, облыстық сайыстар былай тұрсын, республикалық, халықаралық додаларда қарсылас шыдатпайтын болды. Осы екі жыл ішінде Дастан Әбдірешев пен Аманжол Есенов баптайтын жас балалар өздері қатысқан бірде-бір турнирден жүлдесіз қайтпады.

Қуанышымызға орай, басында болашағына сенімсіздік танытқан жоба өз жемісін берді. Ал осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Ақмола облысындағы Зеренді қаласында өткен республикалық сайыста бақ сынаған Жәнібек ауданының екі командасы қарсыластарының қақпасына 104 гол соғып, өздері 4-ақ гол өткізгені жобаның болашағы зор, балалардың потенциалы жоғары, бапкерлердің еңбегі ұшан-теңіз екенін көрсетті.

Бір кездегі «Искра» атауы осы күні ауыстырылған. Ребрендинг жасаған Арсен Томский команда атауын «SuperNovas» етіп өзгертті. Бүгін қанатын кеңге жайған жоба еліміздің басқа да өңірлеріне тарады. 10-ға жуық команда бар осы күні.

Жуырда Жәнібек ауданына арнайы барып, екі жылдан бері жемісті еңбек етіп жатқан бапкерлермен тілдестік. Команда жетекшісі Дастан Әбдірешевтің айтуынша, жобаға қатысушы балалар саны 160-тан асқан.

– Біздің жобаның басты мақсаты – тұрғын саны 5-10 мың болатын шағын қалалар мен ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу және жаман қылықтан аулақ ету. Қолдаушымыз Арсен Томский алдағы 5-7 жыл ішінде аталған жобаға қомақты қаржы салуға дайын. Қажет болса, футбол ойнап, жаттығу жасайтын арнайы алаңдары жоқ жерлерге футбол алаңын салатынын да өз сұхбатында атап өтті, – дейді Дастан Әбдірешев.

Бапкерлердің тынымсыз еңбегі мен қолдаушының көме­гінсіз нәтиже де артпайтыны мәлім. Оның үстіне толыққанды жаттығу өткізуге қажетті доп, футболшының шеберлігін шыңдай түсуіне керек құрал-жабдық болмаса да баланы құр жүгіртіп, доп тепкізгеннен пайда болмайды. Соны да ескерсе керек, Арсен Томский жәнібектік жастарды жаттығу өткізуге қажетті құрал-жабдық, ойын формасымен де қамтып отыр.

– Біздің жұмысымыз – балаларды баптау. Ал қаржылық шығынды түгелдей қолдаушымыз мойнына алды. Жарысқа бару қажет болған кезде арнайы сұраныс толтырып жібереміз. Біздің шотқа ақша аударады. Бір кездегідей қаражат іздеп сабылмайтын болдық. Балалардың нәтижесінің өсуіне осындай қолдау да өз септігін тигізеді, – дейді Дастан Қаршығаұлы.

Соңғы жылдары футбол қарқынды дамып жатыр. Елімізде де түрлі жеке футбол мектептері ашылуда. Бапкерлер саны да артты. Бала баптаудың да тәсілдері күн сайын өзгеруде. Сондықтан жас футболшыларды қанатының астына алған жаттықтырушылар да өз білігін шыңдап, білімін жетілдіріп отыруы керек. «SuperNovas» бапкерлері де бұл тенденциядан қалмауда. Жоба аясында жаттықтырушыларға апта сайын түрлі семинарлар өткізіліп тұрады.

– Апта сайын онлайн семинарлар болады. Одан бөлек міндетті түрде «Zoom» қосымшасы арқылы психологпен тілдесіп тұрамыз. Жылына бір мәрте оффлайн семинар өткізіледі. Былтыр ондай семинар Алматы қаласындағы «Қайрат» футбол академиясының базасында өтті. Ол жерге білікті бапкерлер келіп, білігімізді шыңдадық, – дейді Дастан Әбдірешев.

Бүгінде жас болса да, «Super Novas Жәнібек» командасының футболшылары мен бапкерлері біраз белесті бағындырды. Талай жарыста жеңімпаз атанды. Соны ескерсе керек, аудан кәсіпкерлері мен жанашыр жандар командаға барынша қолдау танытып отырады. Аудан атын еліміздің әр бұрышында абыроймен қорғап жүрген балалардың жарысқа киіп баратын парадтық киім алуына жергі­лікті тұрғындар көмектескен.

Биыл сәуір айында Жәнібекке футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака келіп, аудан спортшыларына шеберлік сағатын өткізді. Ол да ауданның жасөспірім футболшыларының еңбегіне берілген оң баға.

– Қазақта «Жақсы атың қалсын» деген сөз бар. Мені еске алған кезде қазақстандық жанкүйерлер тек қана құрама бапкері емес, балалар жанашыры, ел футболын, футзалын дамытуға үлес қосқан азамат деп танығанын қалаймын. Жәнібекке шақырған кезде бірден келістім. Өйткені осы қазақ құрамасымен біраз белесті бағындырдым. Ризашылығым – болашақ футболшыларға білгенімді үйреткенім болсын. Ауылға келіп, жас футболшылардың өнерін көрген кезде жолдың алыстығы мен шаршағанымды ұмытып кеттім, – деді Жәнібек аудандық газетіне сұхбат берген Кака.

Жалпы, Кака сияқты бапкерден сабақ алу кез келген футболшыға бұйыра бермейді. Оның оң бағасы да мықтылардың мықтысына ғана беріледі. Ұлттық құрама бас бапкерінің Жәнібекке ат басын бұруына жас аяқдопшылардың соңғы екі жылдағы жетістігі сеп болыпты. Қазақ елінде қызмет еткендіктен, мұндағы барлық футбол жаңалығын жібермей оқып отыратынын айтқан Кака жас аяқдопшылардың жетісті­гі жайындағы ақпараттарға ерекше көңіл аударады екен.

– Сәуірде Жәнібекте шеберлік сағатын өткізген кезде елде талантты балалардың көп екеніне көз жеткіздім. Ерекше көзге түскен жеткіншектер де болды. Әрқайсысының атын атамаймын. Өйткені олар үлкен футбол жолының бірінші сатысында ғана тұр. Осы қарқыннан таймаса, жәнібектік футболшылардың талай белесті бағындыратындарына сенуге болады, – деді сеньер Кака.

Сәуірден бері бірнеше ай өтті. Одан кейін де аудан аяқдопшылары бірнеше жарыста жеңіске жетті. 6/6 форматында өткен жас футболшылар арасындағы облыс біріншілігін де жеңіп алды. Қазіргі таңда жәнібектік жас ойыншылар елімізде футбол мен футзал ішінде жүрген мамандар мен жанкүйерге етене таныс. Күні кеше 23 жас футболшы ересектер арасындағы І разрядты спорт шебері атағын алды. Елішілік жарыстарды жібермейтін скауттар да Жәнібек командасының футболшыларына көз тігіп үлгерген. Күні кеше 7 жас футболшы Алматы қаласына аттанды. Олар «Қайрат» командасының академиясына түсу үшін қаралымнан өтеді.

Мақала атауын «SuperNovas» балаларға не берді?» деп қойдық. Шынымен де не берді? Ең бастысы, ауыл балаларын жаман қылықтан ада етті. 160-тан астам жеткіншек бос уақытын телефонға телмірумен немесе көшеде сабылумен өткізбейді, күніне бірнеше сағат жаттығу жасайды. Екіншіден, ел көрді. Осы кезге дейін Қазақстанның бірнеше облысы мен үлкенді-кішілі қалаларында болған балалардың көңіл көкжиегі кеңейгені анық. Одан бөлек, жаңа достар, жаңа таныстар тапты. Бірнеше күнге, аптаға ата-анасынан жыраққа кететін аяқдопшылар өздігінен шешім қабылдап, тәуелсіз болуды үйренді. Ең бастысы, футбол жолын жалғап, бала арманына бір қадам болса да жақындай түсті.

Адамды сенім мен үміт алға жетелейді. Ал футбол қарапайым бапкер мен қара домалақ балалардың өзіне деген сенімін арттырды. Жәнібек балаларының жеңістері басқа аудан, ауыл балаларының жетістікке жетуге болады деген үмітін жақты, арманына қанат бітірді. Осыдан артық не керек?

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале