7.08.2024, 12:18
Оқылды: 226

БҚО әкімі Шыңғырлау ауданына барды

Сонау тоқсаныншы жылдың аяғынан бері жұмыс жасап келе жатқан Шыңғырлау ауданындағы «Жарас» шаруа қожалығы – аталған аймақтағы ірі шаруашылықтардың бірі. Жиырма жылдан астам уақыттан бері жемісті қызмет жасап келе жатқан қожалық өңірімізге алғашқылардың бірі болып «Джон дир» комбайндарын алып келгені елдің есінде.

8C211C88-D792-4980-B349-B4FB54184572

Шыңғырлау ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нариман Төреғалиев «Жарас» шаруа қожалығының егін алқабына барып, диқандардың жұмысымен танысты.

Бүгінде «Жарас» компаниялар тобына айналған шаруашылық меңгерушісі, елге белгілі кәсіпкер Мирболат Тасмағамбетовтың айтуынша, шаруашылық қарамағында 7 мың гектардан астам жер бар екен.

619C4B79-51D3-4B0E-848D-0FBF7ABEA039

Қазіргі таңда шаруалар күздік дақылдарды орып алған. Әр гектарынан 37 центнер өнім алған шаруалар бидайдың сапасы да жақсы екенін айтты.

– Осы күні тары егуді де қолға алдық. Былтырғы тарының біраз бөлігін Түркияға экспорттадық. Одан бөлек еліміздің басқа өңірлері де біз еккен тарыны алып отыр, - деді Мирболат Тасмағамбетов.

0E9E0276-2A50-4A3A-AE59-0FB69B936014

Шаруаның жұмысына көңілі толатынын жеткізген өңір басшысы мал азығын көп мөлшерде дайындап алу керек екенін атап өтті.

Егіс алқабын толықтай тыңайтқыштармен өңдейтін шаруашылық басшысы бидайдан мол өнім алуының сыры алқапқа көрсетілген қамқорлық пен егін шығымына оң әсер беретін тыңайтқыштарды орнымен пайдаланғанында екенін жасырмайды.

E0041F16-4965-4E1A-8945-42788CD6E7BB

– Алқапты тыңайтқышпен толтырып тастағаннан егін өсіп кетпейді. Мүмкіндік бар кезде уақтылы техниканы да жаңартып отыру керек. Соңғы үлгідегі техника күзгі, көктемгі далалық жұмыстарды ойдағыдай атқаруға сеп болады, - деді Мирболат Алғалиұлы.

Шаруашылық басшысы мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің де пайдасы зор екенін жеткізді. Биылдың өзінде 130 миллион теңгеден астам демеуқаржы алған диқан шаруаларға арналған түрлі бағдарламалар арқылы жаңа комбайн алып үлгерген.

Сонымен қатар ескі техниканы тапсырып, оның орнына Қостанай жағынан жаңа К700 тракторын алған.

60681B31-7F6A-44FF-A0D0-11434E62E549

100-ден астам аудан тұрғынын жұмыспен қамтып отырған шаруашылық жұмысқа жастарды да жақсы тартқан. Мектепті енді аяқтап, жергілікті колледжде білімiн шыңдап жүрген бірнеше жас алқапта комбайн тізгіндеп жүр. Ел жастарын жұмысқа тартып, жас жігіттердің техникалық, ауыл шаруашылығы мамандығына деген қызығушылығын оятқан Мирболат Алғалиұлына өңір басшысы алғысын білдірді.

– Жастарды жұмысқа тартып қана қоймай көп ауданда мәселе болып отырған егінге жылқы кіріп кету мәселесін де толықтай шештік. 40 шақырым электробақташы орнаттық, - деді Мирболат Тасмағамбетов.

E83F71D6-5F0B-4EAF-ADBD-B8A3B77893D1

– Шыңғырлау ауданының табиғаты егін егуге де мал өсіруге де қолайлы. Жергілікті шаруалардың мемлекет көмегін пайдаға асырып, диқаншылықты дамытып жатқаны қуантады. Жастарды да жұмысқа тартқаныңыз жақсылықтың белгісі. Көп ұзамай күздік дақыл егу жұмыстары басталады. Соны ойдағыдай атқарып шығыңыз. Мемлекет тарапынан көрсетілер көмекті алып жатсаңыз, ол да істің алға басуына сеп болады. Ең бастысы мал азығын көп мөлшерде дайындап алыңыздар, - деді Нариман Төреғалиұлы.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале