Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бүгінгі жұмыс күнін Шыңғырлау ауданына арнады. Жұмыс сапарымен келген аймақ басшысы Ащысай ауылдық округіндегі «Жаңа жер» шаруа қожалығының егістігінде болды.
7,5 мың га-ға жуық жері бар шаруашылық жаздық бидай, күздік бидай, қара бидайларды жинап алған. Егін түсімі де орташа есеппен жаздық бидай 30-35 ц/га, қара бидай 20-25 ц/ га беріп отыр.
Қожалық егістік жерлерге толық тыңайтқыш пайдаланған. Соның нәтижесінде түсім де жаман емес. Енді жай пісетін бидай түрлері қалған. Қазіргі таңда 600 га-ға жуық егілген тары бас көре алмай өсіп тұр. Пісуге жақын. Бұл шаруашылық жұмысын бастағалы бері, яғни, сонау 90-шы жылдардың аяғынан тарыны үзбей егіп келеді.
Сұраныс бар, былтырғы тары өнімдері Түркия мемлекетіне, Ақтөбе облыстарына жіберілген. Бұрыннан «Уральский-109» сортымен қоса биылғы жылға тарының «Саратовский-15» деп аталатын жаңа сорты егілген. Түсімі 20ц/га-дан кем болмауы керек жеп болжам жасап отыр шаруашылық басшылары.
Шаруашылықтың техникалық паркі де жаңа. Шателдік комбайндар кешегіде ғана жаздық бидайды жинап, бітірген. Жұмыс өнімділігі артық комбайндарда жергілікті колледж стунденттері, шаруашылық мақтанышы саналатын үздік механизаторлар жұмыс жасап жатыр.
Кеңес кезінен қалған «кировец»-«К-700» тракторы де бар екен шаруашылықта. Бұған дейін өздерінде болған осындай тракторды Қостанай қаласына тапсырып, орнына жеңіл бағамен осы жаңа тракторды алып алған. Яғни, Қостанайда ескі тракторды алып, орнына күрделі жөндеуден өткізіліп, барынша жаңартылған, қазіргі талапқа сай салқындатқыш, навигациясы қойылған сондай трактор алуға болады екен.
Егістікке мал тиіп, тапап тастау жағдайларын да электр бақташы орнату арқылы түбегейлі шешкен.
«Жергілікті колледжден осындай жиын-терін уақытында жұмыс күшін сұраймыз, олармен көп жылдардан бері тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз. Жас мамандар білімді, жақсы үйреніп келеді. Егіс басындағы жұмысты да тез игеріп кетеді. Бізде механизаторлық кәсіп атасынан- баласына, баласынан-немересіне жалғасқан атакәсіп иелері бар. Тұрақты 85 жұмысшымыз бар, науқан кезінде 100 адамдай жұмысшымыз болады. Жалақылары жақсы, уақтылы. Жұмысшылардан шағым болған емес», - деп түсінік берді серіктестік басшысы Мерболат Тасмағамбетов.
Сондай-ақ, төрт түлік мал басын да өсіріп отырған шаруашылық мал азығығын жеткілікті жиып алған. Бұл жұмыс әлі жалғасып жатыр екен.
Облыс әкімі тыңайтқышқа мән берген шаруашылық басшысын қолдайтынын, өзге де шаруашылықтың мұны ескеруін қалайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ескі техниканы тапсырып, орнына жаңа техника алудың тың әдісін тапқан шаруашлыққа разы болды.
Мұны басқа шаруашылықтарға тәжірибеге алуға тапсырма берді.
Мал азығын дайындауды тоқтатпауды, өңіріміздегі шөп шығымы нашар аудандарға көмек қажет болуы мүмкін екенін ескертті.
Жүздерін күн қақтаған диқан ағайынға жемісті жұмыстары үшін алғыс білдіріп келесі нысандарды аралауға аттанды.
Қаршыға Елемесов
Шыңғырлау ауданы