Ақжайық ауданында малдың қысқа жеткілікті азық қорын жасақтауға еңбеккер қауым нақты меже белгілеп қойған. Биылғы көктемде Жайық өзенінің шамадан тыс көтерілуіне қарай, су басқан бұрынғы шабындық пен тоғай ішіне әзірге шалғының түспесі анық.
Ауданда алдын ала жүргізілген есеп бойынша 2024-2025 жылдың қыстағына 172 610 мал басы кіреді деп күтіліп отыр. Жоспарға сай 314,1 мың тонна шөп, 34,3 мың тонна жем және 0,5 мың тонна сүрлем дайындау қажет.
Аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінен алған мәліметтерге сүйенсек, күні бүгінге 145,1 мың тонна шөп маяланса, оның 7,8 мың тоннасы – өткен қыстақтан қалғаны. Әзірге бұл – межеленген жоспардың 46,2%-ы.
Мал азығын дайындауға 230 трактор, 109 орақ, 62 шөп тайлағыш, 83 шөп тиегіш техника жұмылдырылған.
Мал қыстағына дайындық жұмысы қызу жалғасып жатыр.
Аида Асылбек
Ақжайық ауданы