9.08.2024, 11:45
Оқылды: 110

«Мамандық таңдаудан қателеспедім» – Қайреден Жақсығұлов

Мәртебелі мамандықтың бірі – құрылысшы. Осындай қадірлі жұмысты атқарған азаматтардың қатарында зейнеткер, еңбек ардагері, БҚО ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайреден Жақсығұлов та бар.

C0E7012A-0E66-4D80-A986-C5552888E8AC

Кейіпкеріміз Оралдағы құрылыс техникумын 1977 жылы бітірген соң еңбек жолын туған жері – Тасқала ауданында бастайды. Екі-үш жылдан кейін облыс орталығына оралып, құрылыс саласында жемісті еңбек етеді. Қаланың көркейіп, зәулім үйлер мен ғимараттардың бой көтеруіне атсалысады. Еңбекқорлығының арқасында құрылысын жүргізуге өзі ұйытқы болған 5 қабатты үйден үш бөлмелі пәтерге ие болады.

– 1981 жылдары шаһарда ауыл шаруашылығы техникумы салынып жатқан еді. Қазір бұл жерде медициналық колледж орналасқан. Сол кезде құрылысы ақсап тұрған нысанның жұмысын қолға алып, бір жылдың ішінде іске қосқан белді мамандардың бірі болдым. Оған қоса төрт қабатты 900 орындық екі жатақхананы тұрғыздық. Сонымен бірге оқу орнының асханасын, тәжірибе жинайтын бөлімшесі мен кәріз-сорғы стансасын іске қостық. Ол кезде бұл облыста баламасы жоқ совхоз-техникум саналатын. Круглоозерный ауылында көкөніс және сүт өндіретін бөлімшесі жұмыс істеді. Құрылысшылар сол жердегі бау-бақшаны дамыту үшін су мәселесін шешуге атсалысты. Арнайы жобалау институттарының мамандарымен дидарласып, бірнеше мың гектар жерді суландыру ісіне білек сыбана кіріскеніміз есімде, – деп өткенді зор ықыласпен есіне алды зейнеткер-құрылысшы.

Сол бір жылдары ел үкіметінің үй кезегінде тұрған мекеме жұмысшыларын баспанамен қамтуды көздейтін «Тұрғын үй – 91» бағдарламасы іске қосылған. Қайреден ағамыз бес жылға, яғни 1986-1991 жылдарға бағдарланған жобаны үш жылдың ішінде аяқтауға сүбелі үлес қосады.

Әсіресе, өте тапшы болған құрылыс материалдарын жеткізу үшін Ресейдің темір-бетон және ағаш комбинаттарымен байланыс орнатады. Шаһарда алғашқылардың бірі болып, газ-жобалау жұмысына да атсалысады. Әсіресе, Орал қаласындағы «Жақсы ауыл» шағынауданын салу үшін жер бөлініп, жобалықсметалық құжаттамасының жасалуына қосқан үлесі айтулы. Құрылыс бригадасымен «Нива» сауда павильонын, қазіргі «Мирлан» орталық базарындағы павильонды салады.

– Өзімнің және облыстағы ардагерлердің атынан құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Зор денсаулық, берекелі табыс, шаңырақтарына шаттық тілеймін. Өзім мамандық таңдаудан қателеспедім деп ойлаймын. Себебі, шаһардағы көптеген ғимаратта менің қолтаңбам бар. Олар әлі де ел кәдесіне жарап тұр. Адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық қашан да қадірлі», – деді зейнеткер-құрылысшы.  

Қайреден Жақсығұлов бір жылдары Круглоозерныйдағы психоневрологиялық, медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін мекемені басқарды. Бұл мекемеде де құрылыстың қарқынды жүріп, 142 орындық жатақхананың салынуына қол жеткізді. Көкөніс сақтайтын қойма мен көлік гараждарын тұрғызуға да мұрындық болды. Бүгінде ол жерде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы орналасқан.

Айна Имашева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале