Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен батысқазақстандық Мария Бровкова бүгін байдарка және каное есуші қыздар арасындағы сында өнер көрсетті. Өкінішке орай Маша жүлде таласынан шет қалды. Жарыстан соң zhaikpress.kz тілшісіне арнайы сұхбат берген Мария Бровкова Олимпиада туралы, Олимпиада қалашығы, өзінің жарысы жайында ойымен бөлісті.
Сурет: olympic.kz
– Маша, ең алдымен барыңды салып, соңына дейін күрескенің үшін рахмет. Олимпиада қалай өтті сен үшін?
– Олимпиада маған қатты ұнады. Көптеген елдің спортшылары келген. Таныстық. Бір сөзбен айтар болсам, маған Олимпиада ерекше әсер қалдырды және ұнады. Жеңіске жете алмасам да үлкен тәжірибе алдым.
– Елдің қолдауын сездің бе?
– Әрине. Мені Парижге ата-анам, ағам мен әпкем қолдай келді. Қазақстандықтардың да қолдауын сезіп жүрдім. Жарыс басталғаннан соңына дейін артымда елім бар екенін сезіндім.
– Олимпиада қалашығы қандай әсер қалдырды?
– Әлемнің үздік спортшылары жиналып, достық атмосферасы аңқып тұрған жер тамаша әсер қалдырады ғой. Менің Парижде өткізген бірнеше күнім қызыққа толы болды. Көпшілік шара, оның үстіне әлемдік деңгейдегі шара болғандықтан аздаған кемшіліктер болды. Бірақ біз кемшілік теру үшін емес, үздік нәтиже көрсету үшін келдік.
– Жеңіске жету үшін не жетпеді? Тәжірибе ме, шеберлік пе?
– Екеуі де жетпеген секілді. Өйткені бұған дейін мен мұндай масштабтағы додаларға түсіп көрмедім. Қарсыластарымның шеберлігі де мықты болғанын мойындаймын. Қолымнан келгенін жасадым. Бапкелерім де көрсеткішіме көңілі толатынын айтты. Жартылай финалға өтпегенім өкінішті. Өзімнің де сол үшін көңілім құлазыды. Бірақ бапкерім менің бастан аяқ соңына дейін күрескеніме разы болды.
– Алдағы жоспарың қандай?
Ең басты жоспар келесі олимпиадаға жолдама жеңіп алу. Сондай-ақ Самарқанд қаласында Әлем чемпионаты өтеді. Сол жерде олимпиадалық емес дистанцияда өнер көрсетеміз. Одан соң демалыс және келесі маусымға дайындық. Бізді келесі Олимпиадада күтіңіздер!
Сұхбаттасқан Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz