«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында «AMANAT» партиясы оқушылар мен студенттердің сауаттылығын арттыруды қолға алуда.
Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігіне тоқталып, Үкіметпен бірлесіп, бүкіл ел бойынша оның ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын.
Осыған орай Сәулет мектеп-лицейінде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқыту басталды. Аталмыш шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева, Тасқала аудандық «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Касимова мен жоба менторы Назгүл Шарафеддинова қатысты.
Ұстаздар қауымы арасында ұйымдастырылған оқытуға аудан бойынша 50 мұғалім қатысты. Алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Саягүл Мәулетқызы жобаның мақсатына тоқтала келіп, оқуға қатысушы мұғалімдерге сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бұл жоба осыған дейінде ауданымыздағы барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылып, білім алған бірнеше адамға арнайы сертификат тапсырылған болатын. Ал жобаға қатысушылар оның тиімділігін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіруде.
Назерке Шайхоллақызы
Тасқала ауданы