Бүгін Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Тілеген Арыстанбеков және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев мерейлі жасқа толған ақ жаулықты аналарымыздың шаңырағына арнайы барып, игі тілектерін айтып баталарын алды.
- Еліміз бүгін жетістікке жетсе, оның іргетасы - сіздің буынның еңбегі. Қиындыққа мойымай, еселі еңбек еттіңіз. Соғыстан кейінгі қиын жылдар, одан бертіндегі тоқырау заман ешкімге оңай соқпағаны анық. Қазір бейнеттің зейнетін көріп отырсыз. Ұрпағыңыздың маңдай тірер қара шаңырағының құт-берекесі боп, аман отырыңыз, - деп аудан басшысы алғысхат пен сыйлығын табыстады.
Ал Тілеген Арыстанбеков қилы заманда да адами болмыстарына нұқсан келтірмеген аналарымыздың қай-қайсысы да ұрпаққа үлгі екенін айтты.
Торқалы тоқсанын қарсы алған Мағрипа Қалиева анамыз қонақтарға рақметін айтып, ризашылығын білдірді.
- Қартайдық, ауырады-сырқырайды деп арыз деп шағым айтудың өзі артық болар. Бәрі де өз ретімен ғой. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Барға шүкір, тәубе деп отырамыз. Панамыз бір Алла ғой. Көптің бірі болсақ та, елеп-ескеріп, іздеп кеп жатырсыздар, Алла риза болсын! - деп барға қанағатшыл, шүкіршіл аналарымыздың даналығын көрсетті.
- Екі аяғымызды ат, екі қолымызды қамшы ғып, еңбекпен ес жидық. Иран ағаларымен бас қосып, үй болған кезімізде жастанарға жастық, төсерге төсенішіміз жоқ еді. Бәрін өз қолымызбен жасадық. Марқұм Мұрат Насимоллин ағамыздың жетектеуімен қатарға қосылдық. "Балаларды оқытыңдар! Оқыған озады" деп отыратын марқұм. Өзіміз оқымасақ та балаларымыздың көштен қалмауына қарекет қылдық. Бүгін жетістікке жетсек, ол кешегі күнгі еңбегіміздің жемісі. Жастарымыз да адал еңбектерімен, адал жүріп, адам болса екен деп тілек етіп отырамыз, - дейді сексеннің сеңгіріне шыққан Меруерт Құспанова.
- Барға шүкіршілік, қызымның қолында отырмын. Келіндер көңілімді тауып бәйек боп жатады. Біз сияқты қарияларға бұдан басқа не керек? Өз кезегімізбен кетсек, содан басқа арман жоқ. Бар тілеуім осы, - дейді Әмина Сертекова да.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz