14.08.2024, 21:00
Оқылды: 226

Қаратөбеде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жиын өтті

Бүгін Ғ.Құрманғалиев атындағы Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде жаңадан қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» Заң турасында тұрғындарға түсінік беру, отбасы құндылықтарын нығайту турасында алқалы жиын өтті.

IMG-20240814-WA0004

Отбасы тәрбиесіндегі қазақы құндылықтарды дәріптеп, зорлық-зомбылыққа қарсы өткізілген кездесуде алғашқы болып сөз сөйлеген «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Ғалымқызы:

– Біз қоғамдық бірлестік ретінде көптеген жобаларды жүзеге асырып келеміз. Балалардың тәрбиесі, жанұядағы түсіністік, қоғамдағы мәселелер турасындағы ауқымды жұмыстарды жүргізіп, оң нәтижеге жұмыстанамыз.

Елімізде соңғы жылдары отбасы қарым-қатынастарында үлкен мәселелер туындап жүр. Сарапшылардың зерттеулеріне сүйенсек өткен жылы жанұялардың ажырасуы жөнінен 105 елдің ішінде Қазақстан екінші орында тұрғанын көрсетті. Елімізде 20 мың сәби балалар үйінде тәрбиеленуде. Балалары ата-аналарын қариялар үйіне тапсыруда. БҚО-да балаларына алимент төлемеген борышкерлердің 2 млрд теңгеге жуық қарызы бар. «Ақ отау» отбасы орталығы жанұяларды сақтап қалуға, өмірлік қиын жағдайға тап болғандарға көмектесіп қолұшын созуға жұмыстанады, - дей келе жаңадан қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңына қатысушылар тарапынан пікір білдіруге шақырды.

Кездесуде сөз сөйлеген ішкі істер органының ардагері Шынар Қапаева 15 маусымнан бастап күшіне енген «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» Заңы туралы, ондағы енгізілген нормалар мен баптар турасында айтып өтті.

IMG-20240814-WA0037

– Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Осылайша, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға 80-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады, - деді Шынар Датқызы.

Кезегінде сөз алған БҚО Қоғамдық даму басқарамасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева мен Бәйтерек ауданының Дариян ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Рахила Бабақожа қоғамда тұрмыстық мәселелер орын алмас үшін тәрбиені тал бесіктен бастау керек екендігін атап өтіп, жанұядағы әке рөлінің маңызды екендігін насихаттау бағытындағы жұмыстарды арттыра беру қажеттігіне тоқталды.

Жиынға қатысушылар тарапынан аудандық ардагерлер кеңесінің төоағасы Рамазан Қыдырашев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов, «Қаратөбе өңірі» газетінің бас редакторы Бекжан Қойшекенов, теолог маман Әмірбек Жәнібеков және бірқатар азаматтар мен азаматшалар отбасы құндылықтары, жастар тәрбиесі турасындағы ой-пікірлерімен бөлісті.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале