Бүгін Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР Премьер - Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев келді. Вице - министр Өлеңті ауылындағы тасқыннан зардап шеккен жанұялар үшін салынған үйлердің құрылысымен танысты.
Сырым ауданындағы су тасқынынан кейінгі қалпынан келтіру жұмыстары туралы аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов баяндады.
Нақтыланған мәліметтерге сүйенсек, Жымпиты және Өлеңті ауылдары бойынша 219 үй суға кетті, оның 88 - і қайта салынуда. Ал, Бұлдырты мен Көздіғарада топан судың зардабы тиген үй саны - 42. Тұруға жарамайтын 26 үй анықталды. Ол үйдегі жанұялар үшін жаңа баспаналар бой көтерді.
Қазіргі таңда Бұлдырты ауылдық округіндегі үйлердің құрылысы 98,5 пайызға аяқталды. Жымпиты мен Өлеңтідегі шаңырақтарда да шырақ жанатын күн жақын. Жұмыстар 97,7 пайызға бітті.
Бүгін Қанат Бозымбаев Сырым ауданына екінші мәрте келіп отыр. Ол сапарында баспаналардың бірі қаланып, бірінің шатыры жабылып жатты. Бүгін вице - министрді кірпішінің қыры шыққан, сәнді, сәулетті, қаздай тізілген қызыл үйлер қарсы алды. Қанат Алдабергенұлы ішке бас сұғып, құрылыс сапасымен танысты.
Наурыздың 27 - і күні түнде Өлеңті өзені арнасынан асып, ауылға кірді. Жағадағы үйлердің кейбірін сең соқты. Жағалау көшесіндегі 1/2 үйдің тұрғыны Ерболат Айтқалиев бүгінде жаңа баспананың иесі атанып жатыр. Вице - министр Қанат Бозымбаевтың өзі аяқтай келіп, қонысына құтты болсын айтқанына Айтқалиев мырза риза. Ерақаң ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан екендігін ескеріп, құрылысшылар жаңа үйінің алдына пандус салып беретін болды.
Вице - министр бірінші сапарында тасқыннан кейінгі Сырым ауданындағы инфрақұрылымдарды қалпына келтіру, шығындарды өтеу жұмыстары бағытында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевке бірқатар тапсырмалар берген еді. Олар орындалды. Бірінші, жаңа үйлерге дуал салынды, көшелеріне жол тартылды. Екіншіден, суға кеткен үйлердің техникалық күйіне қатысты берілген қорытындыға келіспеген кейбір тұрғындардың өтініші қайта қаралды.
Қанат Бозымбаев Сырым ауданындағы үйлердің құрылысын оң бағалады. Кейін халықпен жүздесіп, сұрақтарына жауап берді. Айта кетейік, жаңа үйлер 21 - тамыз күні салтанатты түрде тапсырылады.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы,
zhaikpress.kz