Тамыз айының үшінші жексенбісі Спорт күні мерекесі тойланады. Облыс орталығындағы «Арқанды саябақ» туристік базасында аталмыш мерекеге арналған салтанатты жиын өтті. Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған шараға сала ардагерлері, бапкерлер, спорт мектептерінің директорлары, спорт клуб басшылары қатысты.
– Сергектік пен жастықтың мерекесіне айналған бұл күнді барша спортсүйер қауым асыға күтеді. Өйткені Спорт күні – барша халықтың мерейлі мерекесі. Ел спортының саңлақтары қашанда үздіктер қатарынан көрініп келеді. Кеше ғана Парижде өткен олимпиадада Елдос Сметов алтын медаль иеленіп, бүкіл қазақ елін қуантты. Жерлестеріміздің жетістіктері жас өскелең буынға үлгі. Біздің облыстан да Олимп шыңын бағындырар спортшылар шығады деген сенім бар. Ол үшін барынша жағдай жасалуда, – деді спортшыларды құттықтай келген Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы Алтай Құлқаев.
Одан соң Алтай Есмағұлұлы спорттың дамуына өзіндік үлесін қосқан сала ардагерлері мен бұқаралық спортты насихаттап жүрген БАҚ өкілдеріне Орал қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жандос Дүйсенғалиевтің алғысхаттарын табыс етті.
Кейінгі жылдары облыста спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ілкімді шаруалар атқарылуда. Биыл Казталов, Тасқала аудандарында салынып жатқан дене шынықтыру, сауықтыру кешенінің жұмысы ел игілігіне беріледі. Одан бөлек тұрғын саны мыңнан асатын ауылдарға да спорт кешендері салынады. Салтанатты шарада сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин де жиналғандарды спорт күнімен құттықтап, бірқатар азаматты басқарма алғысхатымен марапаттады.
– Спорт күні баршамыздың асыға күтетін мерекеміз. Салада жүрген ардагерлер мен білікті бапкерлер, спорт ұйым басшылары кездесіп, өзара пікір алмассын деген оймен осындай шараны ұйымдастырдық. Алда талай сайыстар мен байрақты бәсекелер күтіп тұр. Сол додаларда спортшыларымыз биіктен көрініп, ел үмітін ақтай берсін. Ал біз өз кезегімізде спортшыларға алаңсыз жаттығуға жағдай жасауға тырысамыз, – деді Жеңіс Махамбетұлы.
Сондай-ақ жиынға келген сала мамандары мен ардагерлеріне Орал қалалық спорт бөлімі мен «Орал» спорт клубының алғысхаттары табысталды.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»