21.08.2024, 15:30
Оқылды: 198

Қарасулық отбасы бау-бақша егіп, мол өнімге кенелді

Казталов ауданына қарасты Қарасу ауылдық округі тұрғынының ауласында бау-бақша жайқалып өсіп, қараған көзді қызықтырады.

4E802EB9-7C9B-4439-A614-C9C0E09FA343

Сурет: pixabay.com

Қайнаған қызу тірлікке ұласқан әр күннің еңбек дабылында осы ауылдың шаруа тұрғыны Жәнібек Дүйсенғалиев айналасындағы жерлестеріне үлгі-өнеге болып, өзінің қарапайым отбасының күшімен ешқандай несие алмай-ақ еңбек етіп, бау-бақша өсіріп, мол өнімге кенеліп отыр.

Отбасында жолдасы мен бір ұл, бір қызы бар Жәкең тынымсыз еңбектің арқасында адам айтса нанғысыз үлкен жетістікке жетіп, бақшасындағы дақылдарын жайқалтып қойды. Оны ауылдастары еңбекқор азамат ретінде жоғары бағалайды.

Жақында ауыл әкімі Сұңғат Қажығалиев мырзамен хабарласып, ауылдың жаңалығын сұраған едік. Сонда ауыл әкімі округтегі жақсы жаңалықтарын тізбектей келе, бірден Жәнібек Жұмажанұлының бау-бақшасы жайлы әңгімеге ауысты.

– Бау-бақша дақылдарын егу үшін қажеттілігіне орай жерін дайындап, алғашқы жұмысын қолға алған Жәнібек ауылдасымыз кездескен кедергілерге мойымай, өз кәсібін шағын отбасының күшімен әрі қарай жалғап, қазіргі таңда мол өнім алуға қол жеткізіп отыр. Соңғы кездері ауылдық жерде үзіліңкіреп қалған бау-бақша өсіру үрдісіміз Жәнібек бауырымыздай еңбек адамдарының арқасында қайта жанданып, жүзеге асып келеді. Біз соған қуанамыз. Биыл өздеріңіз білесіздер көктем жауын-шашынды болып, жерге ылғал молынан түсті. Осы сәттілікті тиімді пайдаланған шаруа өз ауласына дәнді дақылдар егіп, мол өнім алуға қол жеткізді. Бақшаны баптап күту үшін шаруаның отбасы да ала жаздай тыным тапқан жоқ. Мұндай өнімі мол бақшаны өсіру – үлкен еңбекті талап етеді. Өз топырағында піскен қауын мен қарбыздан бөлек басқа да дақылдардың дәмі ерекше ғой, - дейді бағбанның адал еңбегіне риза болған ауыл әкімі Сұңғат Қажығалиев.

Иә, ауылда отырып бақша егу қандай ғанибет?! Оның үстіне биыл бақшадағы дәнді-дақылдар да бітік шыққан екен. Күздің сәні – аула толған көкөністе екенін айтқызбай-ақ ұққандайсың.

Табиғи өнімге жететін не бар дейсің?! Өз өмірін адал еңбекпен өрнектеп, оған отбасы мүшелерін де түгел баули білген Жәнібек Жұмажанұлының жарасымды тірлігін аудан тұрғындарына үлгі тұтып, әр ауылда осындай еңбек адамдарының қатары арта берсе екен деген тілекте болдық...

Қыдыр Харесұлы

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале