2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген 9 145 азамат жалпы сомасы 1,7 млрд теңге көлемінде арнаулы әлеуметтік төлем алуда. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов осындай мәліметтерді келтірді.
Фото: ОКҚ
«Арнаулы төлем тағайындауға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды өңірінде – 1600-ден астам адам, Қостанай өңірінде, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, сондай-ақ Ақмола облыстарында. Арнаулы төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгені құрайды», - деді спикер.
Төлемдер 4 қаржыландыру көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджет, жұмыс берушінің төлемдері, сақтандыру компаниялары мен БЖЗҚ төлемдері.
«Арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындаудың міндетті шарты – 55 жасқа толу, сондай-ақ жұмыс беруші зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің есебіне төлейтін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы. Осы жүйе аясындағы еңбек өтілі кемінде 7 жыл болуы керек», - деді Еңбек министрлігінің өкілі.