Бүгін қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша БҚО Қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік тапсырмасы аясында «Ақ отау» отбасы орталығы ҚБ ұйымдастыруымен мектептен тыс жұмыс орталығында «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» атты ашық алаңы өтті.
Оған аталмыш бірлестік төрайымы Алтынай Искакова, облыстық қоғамдық даму басқармасының этносаясат және азаматтық қоғамды дамыту бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметов, ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы, «Назиб Жигановтың Халықаралық Шоқ жұлдыздары» жеке қорының директоры Светлана Тенешева, аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Әлихан Ізбанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Мұқанов мен білім ұйымдарының қызметкерлері қатысты.
Спикерлер көтерілген тақырып бойынша ой өрбітіп, Алтынай Ғалымқызы:
– 20 жылдан бері өз жұмысын жасап келе жатқан «Ақ отау» қоғамдық бірлестігі отбасы құндылықтарымен айналысады. Күні бүгінде 80 жобаны жүзеге асырып, Үкімет пен халық арасындағы алтын көпірге айналып отыр. Еліміз ажырасудан 105 мемлекеттің ішінде екінші орында. Әсіресе жастар арасында кең үрдіске ие, - деді.
Үзілдік Елеусінқызы:
– Әр қазақ менің жалғызым. Кез келген қазақ отбасында болған мәселе бәрімізге ортақ. Қазіргі жаһандану заманында қарттар үйі мен балалар үйі аздық еткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған дағдарыс орталықтары көптеп ашылуда. Жастардың ғана емес, 40-50 жыл отасқан жұбайлар да некелерін бұзып жатқандығының куәсі болғанбыз. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, баланың отбасынан көрген, білгені оның бүкіл өміріне жолдама болып қалмақ, - деп сөзін түйіндеді.
Ал Светлана Владимирқызы ұлты орыс бола тұра, қазақы салт-дәстүр тәрбиенің бастамасы екенін, алайда бүгінгі таңда ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани азығымызды қайта жаңғырту керектігін тілге тиек етті.
Шара соңында қатысушылар тарапынан ұсыныстар ортаға салынып, пікірлер назарға алынды.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы