21.08.2024, 21:00
Оқылды: 130

Бөкей ордасы ауданында өткен жиында шекара мәселесі қаралды

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңестің отырысы өтті.

IMG-20240821-WA0091

Кеңеске ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің БҚО Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары полковник Айдар Есенғарин, шекара бөлімшелерінің басшылары, Сайқын, Мұратсай ауылдық округтерінің әкімі, Бөкей ордасы ауданы әкімдігі жанындағы шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшелері, мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібінде ҚР Мемлекеттік шекарасының Бөкей ордасы ауданының аумағында орналасқан учаскесін күзету және қорғау бойынша 2024 жылдың III тоқсанына жоспарланған іс-шаралардың орындалуы туралы полковник Айдар Бақыткелдіұлы баяндады.

- Көршілес елдерде геосаяси жағдайға байланысты қауіпсіздікті нығайтуымыз керек. Сондай-ақ шекара аймағына малдардың өтіп кетпеуін жіті бақылауымыз керек, - деді шекара басқармасы бастығының орынбасары.

Содан соң Сайқын ауылдық округінің әкімі Шыңғыс Тұрарбекұлы аудан аумағында шекара бұзушыларға қатысты жедел-іздестіру шараларын жүргізу үшін қозғалмалы модуль және қозғалыс жылдамдықтарын реттейтін шектеу белгілерін орнату бойынша атқарылған жұмыстар туралы баян етті.

-2023 жылдың 11 қарашасында Сейтәлі елді мекенінінің шекаралық аймағында құны 665 мыңға жол белгілері, теміржол шлагбаумы, шекаралық аймақ белгісін орнату сынды жұмыстары орнатылды. Ал 2023 жылдың 21 қараша айында құны 2 112 333 теңгеге блок-контейнерлерден жеңіл салынатын әкімшілік-модульдік ғимарат алынып, Сейтәлі елдімекені бойындағы жол жиегіне орнатылды, - дейді Шыңғыс Тұрарбекұлы.

IMG-20240821-WA0088

Осы мәселе бойынша Мұратсай ауылдық округі әкімінің у.м.а. Мирас Қарағойшин де баяндады. Сонымен қатар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Карин ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 16 сәуірдегі №356 қаулысына сәйкес ені 100 метр шекаралық белдеуді толығымен шекара қызметінің құқығына беру мәселесі бойынша атқарылған іс-шаралар туралы айтты.

Кеңес соңында аудан басшысы Нұрлыбек Жасқайратұлы Сайқын, Мұратсай ауылдық әкімлерімен бірлесе отырып, аудан аумағындағы шекара бөлімшелерінде ашық есік күндерін өткізуді және шекара қызметі жөніндегі бейнероликтерді көрсетуді, кеңесте қаралған мәселелерді хаттамаға енгізуді тапсырды.

Ақсәуле Әлжанова, 

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале