Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарының тұрғындары осы кезге дейін жол азабын тартып келген болатын.
Сурет: ҚазАвтоЖол
Күзгі жауын мен көктем кезіндегі балшықта аталған аудан азаматтары жолға шықпайтын. Шыққан жағдайда жолда қалатын еді. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан қос ауданның жолын жөндеуді 2018 жылы ел Президенті болған Нұрсұлтан Назарбаев өңірімізге келген сапарында Үкіметке тапсырды.
2019 жылы «Қазталов–Жәнібек–Ресей Федерациясы» шекарасына дейін 145 шақырым және «Бисен–Өнеге–Сайхын» жолы – 103 шақырым, барлығы 248 шақырым жол учаскесінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмысын жүргізетін 4 мердігер компания анықталған.
Сол аралықта сенатор қызметін атқарған қазіргі облыс әкімі Нариман Төреғалиев «Қазталов–Жәнібек–РФ шекарасы» автожолының күрделі жөндеу жұмысы баяу жүріп жатқанын Премьер-министрге жолдаған хатында баяндады. Жобалық сметалық құжаттама дайындалған кезде жоба құны – 57 млрд теңге болды. Одан кейін пандемия және басқа да оқиғалар болды, материал қымбаттады, жобаға өзгертулер енгізілді. Ақыр соңында жыр болған жолдың құны 81 миллиард теңге болып бекітілді.
Жоғарыда аталған оқиғалардан бері бес жыл уақыт өтті. Бір емес, екі ауданның, қала берді барша облыстың бас ауруына айналған күре жолды жөндеу жұмысы аяқталды. Бірнеше күн бұрын «Қазталов–Жәнібек–РФ шекарасы» автожолының 95-138 шақырымы аралығындағы учаскесінде ұзындығы 42,2 шақырым болатын жолды күрделі жөндеу жұмысы өз мәресіне жетті.
Бүгінгі күні 95-138 шақырым аралықта жолға екі қабат асфальтбетон төселіп және 17 су өткізгіш құбыры орнатылды. Барлық жұмысқа 85 бірлік арнайы жол-құрылыс техникасы мен 150-ден астам жұмысшы жұмылдырылды. Сонымен қатар 100 мың тоннадан астам асфальтбетон қоспасы төселді. Қазіргі таңда жол жиектерін нығайту, өтпелерді орнату мен жол бойын абаттандыру, жол белгілері мен таңбалау жұмысы жалғасып жатыр.
– Жолдың Өнеге ауылы маңындағы тұсында модульді санитарлық-гигиеналық торап салынады. Демалыс алаңдарын орнату қарастырылған. Сондай-ақ жолға қызмет көрсететін эксплуатациялық пункт саламыз. Жол бойына демалыс орынын салып, жолаушыларға қызмет көрсететін орындарды тұрғызуға ниетті кәсіпкерлерге арнайы орынды жалға беруге де дайынбыз. Кәсіп ашам дегендерге барлық жағдай жасалған. Жарық, газ, суға дейін келіп тұр, - дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ төрағасының кеңесшісі Марат Махамбетов.
Марат Сағынбайұлының айтуынша, жол жөндеу жұмысының осынша созылуының басты себебі инертті материалдар тапшылығы болған. Жол салуға керекті материалдарды РФ-ның Астрахань қаласы арқылы Ақтөбеден тасуға мәжбүр болған жолшылар инертті материалдар тиелген вагондардың тапшылығынан да біраз уақыт жоғалтқан. Қос мемлекеттің Үкіметі өзара келісімге келген соң жол салушылар материалды Ресей жағынан тасуға мүмкіндік алды. Соның арқасында жұмыс қарқыны артты.
– Қазіргі таңда Бөкей ордасына қарай барар жолды жөндеуге кірістік. Ел бюджетінен ол жұмысқа қажетті қаражат бөлінді. Осы күні Бөкей ордасы ауданына қарай баратын 21 шақырым жолды жөндеуді бастаған мердігер жыл соңына дейін барлық жұмысты аяқтайтын болады, - деді Марат Махамбетов.
Жол азабынан құтылғанына ауыл тұрғындары да разы. Бұрын аса бір қажеттілік болмаса, облыс орталығына шықпайтын тұрғындар жол түскелі ауыл ажарланып, қатынас жақсарғанын айтады. Жол ашылып, жүріс көбейгелі жәнібектік ағайын, ауылдағы үй аулаларын жаңартуға қажетті материалдарды Оралдан тасып алған. Өнеге ауылының тұрғыны Карл Мәжитов те тасжол келгеніне ауылдағы ағайын ерекше қуанғанын айтады.
– Бұрын Орал қаласы мен аудан орталығына бару қиын еді. Оралға 10-12 сағат жүріп барған кезіміз болды. Осы күні 3-4 сағат ішінде жетіп аламыз. Аудан орталығына баруымыз да тез. Жол салып, елді қуанышқа бөлеген өңір басшылығы мен мердігер компанияларға алғысымыз шексіз, - дейді Карл Мәжитов.
Мемлекет басшысының қатаң бақылауында боған жол құрылысы мықтап қадағаланды. «Жол активтері сапасы» ұлттық орталығының мамандары тасжол сапалы болуын қатаң бақылады.
– Жол салуға қолданылған материал сапасына қажетті сараптама жүргізілді. Жол құрылымы бес қабаттан тұрады. Қалыңдығы – 80 сантиметр. Әр қабатын салу барысын біздің компания сарапшылары қадағалады. Барлық кемшіліктер уақтылы түзеліп отырды, - дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚОФ директоры Рафис Зинетов.
«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ төрағасының кеңесшісі Марат Махамбетов «Казталов–Жәнібек–РФ шекарасы» жолының әлі екі телімі барын айтты. Қазанның 30-ы сол телімдер толықтай ашылып, ел игілігіне беріледі.
Көп жылдар бойы елдің бас ауруындай болған жолдың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов арнайы келді. Жолдың сапасына оң бағасын берген әкім орынбасары мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жұмысшылармен тілдесті.
– «Жол азабын жүрген көреді» дейді халық нақылы. Жылдар бойы көтеріліп жүрген мәселенің шешілгені қуантады. Мемлекет басшысының қадағалауымен, Үкіметтің қолдауымен, мердігер компаниялардың жанкешті жұмысының арқасында Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарының халқын үлкен қуанышқа бөлеп жатырмыз. Алдағы уақытта жолдың қалған бөлігі жөнделіп, кезең-кезеңмен ашылатын болады. Аталған жобаны іске асыру кезіндегі қиынтардың барлығы артта қалды. Жаңа жол жаңа мүмкіндіктер сыйласын. Еліміз дами берсін. Жолымыз ашық, қауіп-қатер қашық болсын, - деді Тілепберген Ерсайынұлы.
Одан соң облыс әкімінің орынбасары жол салуға атсалысқан жұмысшылар мен мердігер ұйым қызметкерлерін өңір басшысының алғысхаттарымен марапаттады.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz