23.08.2024, 19:00
Оқылды: 25

Жомарт азаматтар Жақсыбай мектебіндегі барлық шәкіртке сөмке сыйлады

Еліміз бойынша жүріп жатқан «Мектепке жол» акциясы елжанды кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асып келеді. Қарымды қаламгер Қайыржан Хасановтың ұлдары, жомарт жүрек азаматтар Сәбит, Нұржан Хасановтар Саралжын ауылдық округіне қарасты Сәуле елді мекеніндегі Жақсыбай негізгі орта мектебінің барлық шәкіртіне оқу-құралымен сөмке сыйлады.

6A990A4F-07A8-48F9-A74B-21D99CEE2B74

Ауыл балаларына зор қуаныш сыйлаған жомарт жандарға ауыл тұрғындары атынан алғыс айтқан Жақсыбай негізгі орта мектебінің директоры Лида Сариева:

– Бүгін мектебімізде қуанышты күн. Жыл сайынғы дәстүрмен «Мектепке жол» акциясы бойынша жерлесіміз, жазушы, өлкетанушы Қ.Хасановтың ұлдары демеушілік көрсетіп отыр. Қайыржан ағамыздың ұлдары 2013 жылдан бастап мектебімізге, шәкірттерімізге көмек қолын созып келеді. Балаларға ойын алаңын салып берді. Сонымен қатар мектептегі 1-7 сынып оқушыларын «Балдырған», «Ақжелкен», «Мөлдір бұлақ» журналдары мен «Ұлан» газетіне тегін жаздырып келеді. Бұл қолдаулары шәкірттеріміздің білімді болуына, ой-өрістерінің кең болуына үлкен септігі тиері сөзсіз. Ауыл балаларына жанашырлығы үшін ағамыздың әулетіне үлкен ризашылығымызды білдіреміз, - деді.

17741893-FC63-418A-B2D5-98E3CD9F9BE4

Тағылымды шарада мектептегі ата-аналар комитетінің төрайымы Меңсұлу Шагаева қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған азаматтарға ризашылығын жеткізсе, Қ.Хасановтың жары Рысты Кәкімқызы:

– Сәуле ауылында атам Төлеген Иманғазиев ұстаздық қызмет атқарды. Жолдасым Қайыржан Хасанов осы жердің тумасы. Жақсыбай мектебінің оқушыларына ұлдарым демеушілік жасап келеді. Бүгін мектеп ұжымымен кездесіп, оқушыларға сөмкелер мен оқу-құралдарды табыстадық. Басталғалы тұрған оқу жылында ұстаздарға шығармашылық табыс, шәкірттерге оқуда зейінді болып, терең білім алуларына тілектеспін, - деді.

Шара соңында Жақсыбай негізгі орта мектебінің барлық оқушыларына оқу-құралдар салынған 45 дана сөмке сыйға тартылды.

Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале