Бәрімізге мәлім, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында төтенше жағдай жарияланып, мемлекет тарапынан қысқы мал азығын жинап алуға көмек көрсету жоспарланған болатын.
Қазір осы бағытта екі алгоритм дайындалды. Оның бірі шаруа қожалықтарына, екіншісі жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған. Шаруа қожалықтарының атында тіркеліп тұрған аналық мал үшін мал азығын дайындау шығындары субсидияланады. Ал жеке тұлғалар бойынша олардың қосалқы шаруашылықтарына мемлекеттен көлік шығындарына қаражат қарастырылып, бүгін түске дейін орталыққа мал азығының алғашқы рейсі келіп жетті.
Тасқала ауданы Мереке ауылынан келген 50 орама шөпті Мирболат Танкишев 5 000 теңгеден еш өзгеріссіз жеткізді. Бір ескеретін жайт, шөп ауылдың кіреберісіне дейін жеткізіледі. Әрмен қарай шөпті мекенжайға дейін жеткізу тұрғындардың өз құзыретінде. Шөп Жәнібек ауылдық округі әкімдігінде тіркелген тізім бойынша таратылады.
Мирболат Танкишевтен бөлек тағы үш тасымалдаушы ауысым бойынша күнде төтенше жағдай аяқталғанша таси береді. Мал азығы шөп шығымы жақсы деген жақын маңдағы Ақжайық ауданының Қабыршақты, Тасқала ауданының Мереке, Атамекен, Ақтау, Оян ауылдық округтерінің шаруа қожалықтарымен келісіліп, бағасы өзгеріссіз күйде тасымалданатын болады.
Жәнібек ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Елдос Мақсотовтың сөзіне сүйенсек, осы мерзім ішінде шөпті сатып алатын адам міндетті түрде ақшасын дайындап отыруы тиіс. Мал азығын әкелгеннен кейін оны жедел түсіріп алатын техника керек. Комиссия шөп келетін үйдің тұрғындарын күні бұрын ескертіп отырады. Енді шөпке деген сұраныс көп, келген 50 орама шөпті бір үйге әлде жиырма бес рулоннан екі үйге бөліп түсіре ме, ол жағы келісім бойынша жүргізіледі.
Дәл осындай орама шөп ауылдық округтерге де жеткізіледі. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешевтің айтуынша, аудан бойынша 22 188 тонна мал азығы, яғни 88 752 орама шөп қажет.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы