27.08.2024, 12:00
Оқылды: 254

Бала өмірінен ит өмірі қадірлі болғаны ма?

Орал қаласы әкімдігінің назарына!

Жақында редакциямызға Орал қаласындағы №26 орта мектептің басшылығы хабарласты. Олар бірнеше жыл бойы мектеп қақпасының маңына қойылған қоқыс жәшігін басқа жерге көшіре алмай келеді екен. Тиісті мекемелерге бірнеше мәрте хат жазғанымен, олардың мәселесі шешілмепті. Ал қоқыс жәшігінің айналасы бұралқы иттер мен белгілі мекен-тұрағы жоқ азып-тозған қаңғыбастарға толы.

3380DE14-FA9A-4DAD-AE91-21517AB9ACCB

– Қоқыс жәшіктерінің санитарлық талап бойынша қақпағы жабылып, айналасы қоршалуы керек. Бірақ ол үнемі ашықшашық жатады. Оқушыларымыз сол жолмен мектепке келеді. Топталып жүрген иттер олардың өміріне қауіп төндіруде. Жел болса, қоқыс ұшып, мектеп ауласына кіреді. Оқушыларымыз итке қабылып қалған жағдайлар бір емес, бірнеше рет орын алды. Бірақ құзырлы орындар бұл мәселені шешуге қауқарсыз, – дейді №26 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Жұмағалиева.

Алтынай Сәбиева – аталмыш мектепте енді 8-сыныпқа көшетін Сұлтан Сағынгерейұлының анасы. Сәуір айында кешкі мезгілде Сұлтан үйдің қасындағы дүкенге бара жатады. Сол кезде қоқыс жәшігін айналшықтап, үйірімен жүрген 15 шақты ит алдынан абалап шауып шығады.

– Бұл жағдай биыл 19 сәуірде болды. Өршелене үрген иттер баламның артынан қуып, балағына жабысып жерге құлатады. Қорқып, құлаған балам сирағын екі жерден жарақаттап алған. Ауруханада жатып, емделдік. Екі рет ота жасалып, жіліктің ортасына темір салынды. Қазір төсек режімінде. Әлі алты ай жатады, одан кейін тағы да ота жасалып, сегіз ай төсекте жату керек екен. Өзімнің төрт перзентім  бар. Сұлтан отбасында үшінші бала. Былтыр да осы баламды айналадағы иттер қуып, машина қағып кетіп еді. Ол кезде қабырғасы мен аяғын ауыртып алып, емдеттік. Биыл мынадай жағдайға тап болдық. Қоқыстың қасында иттер толып жүреді. Оларға адамдар тамақ береді. Қараусыз иттер де балаларға өте қауіпті. Былтырдан бері осы қоқыс жәшіктері мен иттер мәселесімен алысып келеміз. Ит аулайтындарға хабарласып, шақырдым. Олар келіп, алып кетпек болып еді. Азып-тозған қаңғыбас-кезбелер айқайласып, төбелесіп, иттерді бермей алып қалды. Көше кезбелерінен бөлек, осы айналадағы тұрғын үйлерден иттерге тамақ таситын «мейірімді» адамдар бар. Солармен де сөйлестім. «Олар асыранды иттер ғой» дейді. Сонда сол кісілердің иті ме, ол жағын түсінбедім. Баламның қазіргі жағдайы жақсы деп айта алмаймын. Тамаққа тәбеті жоқ. Өзі дәретке  отыра алмайды. Мүгедектер арбасын сатып алып, өз қаражатыма емдетіп жүрмін, – дейді Сұлтанның анасы. Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Мержан Шамуров қоқыс қалдықтарын жинайтын орынды мектеп кіреберісінен бірнеше рет ауыстырғанын айтады.

0C5173DB-DB1B-4FEF-B4D0-9B34112393D0

– Біз тұрғындардың өтінішімен қоқыс жәшіктерін тұрған жерінен 50 метр жерге ауыстырдық. Бірақ сол үйлердің бірінің тұрғындары осы орынға қайта әкеліп қояды. Біз кері апарып қоямыз. Енді қоқыс жәшіктеріне алаңқай жасап, айналасын қоршайық десек, қай жерге қоярымызды әлі анықтай алмай жатырмыз. Қазіргі тұрған жеріне жасайық десек, тұрғындар қарсы, жаңа жерге апарайық десек, тұрғындар оны бұрынғы орнына қойып қояды. Ал қоқыс қалдықтарын салатын жәшіктерді мүлдем алып тастай алмаймыз. Бұл жерде үйлер өте тығыз орналасқан. Сондықтан мүлдем алып тастасақ, қоқыс салатын орын болмай қалады, – дейді сектор меңгерушісі Мержан Шамуров.

«Қоқыс жәшіктерінің мектеп ауласына жақын, ашық-шашық орналасуы дұрыс па?» деген сұраққа облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі былай  деп жауап берді:

«Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы ҚР ДСМ-76 бұйрығының 69-тармағына сәйкес тығыз жабылатын қақпақтармен жабдықталған «қоқыс» жинағыштар су өткізбейтін төсемі бар алаңға орнатылады. Жәшіктер үш жағынан қоршалып, тазалау және дезинфекциялауға ыңғайлы орналасуы тиіс. Сонымен қатар «қоқыс» жинағыштардың орналастыру қашықтығы санитарлық ережелер нормаларымен реттелмеген».

Иә, шынымен де, қоқыс жәшігі мектеп ауласына тым жақын орналасқан. Айналасы қоршалмаған, ашық-шашық. Қоқыс аралап, бір-екі қаңғыбас жүр. Олар қолдарына түскен тіскебасарды жанында өріп жүрген иттерге лақтырды. Өздеріне шын жанашыр тапқандарына қуанғандай иттер де құйрықтарын бұлғаңдатып, еркелеп қояды.

Арсалаңдай, бір үріп «рақмет» дегендей өздеріне тастаған тамақты қағып алып, қаужаңдап жеп жатыр. Екі бомж-бейшара арасында боқтық сөздер қосылған әжік-күжік әңгімесін айтып жүр. «Осы көріністі балаларымыз күнде көреді. Көшедегі кезбелер көбіне арақ ішіп жүреді ғой. Одан да қорқамыз. Топталып жүретін иттер де оқушыларымыз үшін қауіпті. Осы мәселе жаңа оқу жылына дейін бір шешімін тапса, жақсы болар еді дейді» мектеп мұғалімдері.

Күлімсі иіс мүңкіп, айналасы шашылып, ашық-шашық жатқан қоқыс жәшіктері... Жәшіктердің ішінен алтын іздегендей үңілген көше кезбелері. Қоқыстағы сүйек-саяққа таласып, ырылдасқан иттер... Бір қарағанда, әр қалада кездесетін қарапайым тірлік секілді. Қаңғыбас адамның да, иттің де көбейгені ешкімге жаңалық емес. Бұл көрініске жылдан-жылға адамдардың да еті үйреніп бара жатқаны өкінішті. Бірақ мектепте бір емес, бірнеше бала иттің зардабын шегіп, денсаулығына нұқсан келсе де, құзырлы мекемелердің жайбарақаттылық танытуы бізді таңғалдырды. Қаңғыбас иттердің кесірінен төсекке таңылған

Сұлтанның тағдыры көпшілікті ойлантуы тиіс. Бала өмірінен иттің өмірі қадірлі емес! Құзырлы мекемелер бұл мәселені аяқсыз қалдырмай, нүктесін қояды деген сенімдеміз.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале