28.08.2024, 12:30
Оқылды: 167

Көктеректе қысқы мал азығын дайындау жалғасып жатыр

Казталов ауданына қарасты Көктерек ауылдық округі бойынша бүгінгі таңда мал азығының қыстық қоры сәйкесінше жиналып жатыр. Оған округке қарасты барлық шаруа қожалықтары мен жергілікті тұрғындар тегістей атсалысып келеді. 

134A015D-9942-4360-988A-6D7C711A790E

– Округіміз бойынша 14 448 бас ірі қара, 5 583 бас жылқы, 33 553 бас қой-ешкі, 50 бас түйе бар. Бұйыртса, алдағы қысқа осы көрсеткішпен кіреміз деп жоспарлап отырмыз. Биыл Сатыбалды, Оразғали елді мекендерінде жергілікті жерден шөп шығымы молынан болды. Шабындыққа шыққан мал азығының 90-95 пайызы жиналды деп толық айта аламыз. Бүгінгі күні басты мәселе – Көктерек ауылы орталық тұрғындарының ауласына қысқы мал азығын уақтылы жеткізіп беру болып тұр. Сол сияқты Еламан, Саралжын (Киров) елді мекендерінің тұрғындары қазірдің өзінде қарамағындағы малдарына 50 пайыз қысқы шөбін түсіріп алды деп айтуға болады. Көктерек ауылдық округіне қарасты жеке тұлғалардың мал азығына тиісті қысқы шөп тасымалы көбіне-көп ауданымыздың өзге округтері – Талдықұдық, Талдыапан, Сарықұдық, Қараөзен елді мекендері жағынан келісімді бағамен тасылып жатыр. Осы жерде мал азығын дайындауға ерте кірісіп, жергілікті тұрғындарды қысқы мал азығымен қамтамасыз еткен округіміздегі «Райымбек» шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Сарбаев ағамызға ауыл тұрғындары дән риза. Сол сияқты өзіміздегі «Мамай» суландыру қорына қарасты жердің 1 000 гектарынан да шөп өнімі алынып, қысқы мал азығына сәйкесінше үлес қосылды. Онда шаруалар көктемде ауыл болып жайылымға су шығарып, мал өнімін дайындауға үлес қосқан еді. Қазір «Береке» шаруа қожалығының жетекшісі Уәлихан Шәмшиденов жергілікті жердің малдарына тиесілі шөпті өзі шауып, тиімді бағамен ауылға тасып беруде.

B0BDFE20-7AF0-42E7-BD19-E20BEC8A0DA5

Соңғы мәлімет бойынша, округтегі шаруа қожалықтары мен малы жоқ тұрғындарды қоспағанда 113 шарбаққа кемінде бір-бір тіркемеден шөп жеткізіліп, қазір екінші қайтара тасылып жатыр. Ол жұмыс тұрғындардың бәріне толық жетпегенімен, кезінде су шығару жұмыстарына көмектескен жігіттер бірінші кезекте қамтылып отыр. Қысқы мал азығын дайындау науқаны округімізде әлі толастаған жоқ. Шөп тасымалдау жұмысы қарқынды жалғасын табады, - дейді Көктерек ауылдық округінің әкімі Бақытжан Есенғалиев.

Қыдыр Харесұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале