29.08.2024, 14:45
Оқылды: 88

Оралда 200-ден астам азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады – Рифат Зағидуллин

Әскери қызметке шақыру биылғы қыркүйектен басталып, желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Қыркүйек айының 1-інде әскерге шақыру комиссиясы өз жұмысын бастамақ. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы жасақтау бөлімінің басшысы, майор Рифат Зағидуллин айтты.

290717D5-4620-49DB-9165-7F94563F19BB

– Жыл соңына дейін Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы ҚР Қарулы күштері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы, Төтенше жағдайлар министрлігі, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі 200-ден астам азаматты мерзімді әскери қызметке шақыруды жоспарлап отыр. Мерзімді әскери қызметке әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негізі жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар шақырылады. Оларға алдын ала 1414 бірыңғай байланыс орталығының желісі арқылы SMS-хабарламалар, үй және қызметтік мекенжайларына шақыру қағаздары жеткізілді.

Осы күзгі шақыруда мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің қатары артады деген сенім мол. Бүгіндері мерзімді қызмет сарбаздарына кредиттік каникул беру жөніндегі іс-шаралар қолға алынды. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі мен 70-тен астам жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелері мерзімді әскери қызметті өткерген тұлғалар үшін білім беру секторында қосымша жеңілдіктер беру туралы келісімге қол қойды. Бұған қоса әскери қызметшінің тиісті арнаулы, орта-техникалық немесе жоғары білімі болған жағдайда мерзімді қызметтің алты айы өткеннен кейін келісімшарт бойынша әскери қызметке түсу мүмкіндігі болады, - деді Рифат Наилұлы.

Брифингте сөз сөйлеген облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, подполковник Альберт Бекмұхановтың сөзінше, ҚР Қорғаныс министрлігі жас жігіттерді әскери қызметтен өтуге ынталандыру мақсатында мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде кредиттік каникул беру, әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген кезде ЖОО-ға ұлттық бірыңғай тестілеусіз түсу сияқты жеңілдіктер қарастыруда.

Сонымен қатар әскери шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болып табылатынын және бұл қызмет азаматтарға электронды үкімет порталы арқылы көрсетілетінін айтты.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале