29.08.2024, 17:00
Оқылды: 86

Бөкей ордасында бюджет есебі берілді

Бөкей ордасы аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХІ сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде екі-ақ мәселе қаралды. Біріншісі аудан әкімінің есебі болса, екіншісі – аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Раушан Абдоллинаның аудан бюджетінің игерілуі туралы баяндамасы.

37510CA2-5D13-43BF-A98A-6FB48E1469E7

Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов 2024 жылдың 7 айында орындалған жұмыстар мен жылдың аяғына дейінгі жоспарлармен таныстырып өтті.

Әкімнің айтуынша, жол құрылысына қатысты бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. Таратып айтсақ, «Өнеге-Бисен-Сайқын» республикалық маңызы бар жол учаскесінде 103 км-дың 97 км-не асфальттың алғашқы қабаты төселді.

Қазір қалған 6 км-ге жуық бөлікке бірінші қабат асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, мердігерлермен асфальттың екінші қабатын төсеу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін бұл жолымыз толық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ауданды облыс орталығымен байланыстыратын екінші бағыттағы жолдың – облыстық маңызы бар «Бисен-Жаңақала» бағытындағы бірінші 30 км жолдың күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынуда.

Жобаны бастау үшін тиісті қаржы бөлініп, конкурс негізінде мердігер компания (СМУ 5) анықталды. Қазіргі таңда жер дайындау және айналма жол жасау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Хан ордасы, Мұратсай ауылдарына кіреберіс жолдың жөндеуі басталды.

F7058BB6-AC08-4801-8610-18B9BC6965EC

Әкімнің ден қойған мәселесінің бірі – мал шаруашылығы. Мал саны кемуде. Өткен жылдың кезеңімен салыстырмалы түрде алсақ, ірі қара мал басы бойынша өсім байқалуда, ал қой мен ешкі, жылқы, түйе басын салыстырғанда кему тіркелген.

Жалпы шаруашылықтар қазіргі жағдайға байланысты мал басын реттеп, азайтуда. Киік пен қуаңшылыққа байланысты, шаруашылықтарға және жеке аулаларға қолдау көрсету мал азығын басқа аудандардан тасымалдауды ұйымдастыру бағытында, облыс әкімдігінен қосымша қаржы бөлініп, ауданымызда төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі уақытта жеке қосалқы шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз ету бағытында тиісті шаралар ұйымдастырылуда.

Жалпы 2024-2025 жылдың мал қыстағына 188,1 мың тонна мал азығы қажет. Шөп дайындаумен әзірге 237 шаруа қожалық айналысуда. Бүгінгі күнге аудан бойынша жоспар 36,4% орындалды.

Ауданымызда жайылымдық жерлердің тапшылық мәселесі бар. Осы орайда биылғы жылы ауылшаруашылық жерлерін пайдаланбай отырған бес шаруа қожалығының 2 112 га жері мемлекет меншігіне қайтарылды.

7 ай ішінде жалпы көлемі 6 547 га құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы алты жер телімі конкурс арқылы шаруашылықтарға ұсынылды.

Айтпақшы, 10 жоба іске асырылып, 21 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл да жеке кәсіпкерлердің инвестициялары арқылы аудан орталығында жаңа минимаркет және екі қабатты шағын бизнес орталығының құрылысы жүзеге асуда, жыл аяғына дейін ашылады деп күтіліп отыр.

Одан бөлек биылғы жылы Хан ордасы ауылында қоғамдық жуыну орны (сауна) және автокөлік жөндеу орталығының ашылуы көзделуде, Сайқын ауылында 20 орындық қоғамдық тамақтану орны мен гидропоника жобасы жүзеге асырылды.

Жыл басынан бері аудан бойынша 115 млн теңгеге үш жоба іске асырылып 7 жұмыс орны ашылды. Жыл аяғына дейін жалпы өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласы бойынша 10 жоба іске асырылып, 21 жаңа жұмыс орны құрылады.

Әкімнің баяндамасында «Ауыл аманаты» жобасының іске асуы да айтылды. Ауданымыз бойынша бұл жобаға тұрғындар тарапынан қызығушылық жоғары деңгейде деп айтуға болады. Биылғы жылға «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 308,0 млн теңге көлемінде несие қаржысы қаралса, күні бүгін несие ұйымына 41 адамның құжаттары тапсырылып, соның бесеуі несие алса, 31 адамның жобасы мақұлданды. Бес адамның құжаттары қазіргі уақытта қаралу үстінде. Соның ішінде мал шаруашылығы, құс, егін және тұрмыстық қызмет көрсету бағытында жобалар іске асыру көзделуде.

Ауданымыз бойынша биылғы жылдың 1 тамызға ресми жұмыс іздеушілер болып 822 адам тіркеуде тұр. Баршаңызға белгілі, ауданымызда ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар жоқ. Дегенменде жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту шаралары жүзеге асырылуда.

2024 жылы 434 жаңа жұмыс орны ашылды, оның 179-ы тұрақты (шаруа қожалықтары 8, жеке кәсіпкерлер 171) және 255-і уақытша жұмыс орындары (ақылы қоғамдық жұмыстар – 171, жастар тәжірибесі – 30, әлеуметтік жұмыс орындары – 24, «Алғашқы жұмыс орны» – 14, күміс жас – 16 адам).

Бизнесті қолдап, шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қайтарымсыз гранттар берілуде. Қазіргі уақытта комиссиямен 18 жоба мақұлданды. Олардың ішінде: шаштараз, кофейня, дәнекерлеу жұмыстары, шұжық шығару, жылыжай салу, жартылай өнімдер дайындау, мал және құс шаруашылығы бар.

Жоғарыда айтқанымыздай, аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Раушан Абдоллина бюджеттің игерілу барысы туралы хабарлама жасады. Ауданның бас экономисінің айтуынша, бүгінгі кірісіміз 3 408 248 мың теңгені құрайды.

Салықтық түсімдер – 1 029 411 мың теңге, трансферттер түсімі – 2 353 866 мың теңге, негізгі капиталды сатудан түскен түсім – 1 298 мың теңге. Республикалық, облыстық даму, нысаналы трансферттердің және кредиттердің жалпыс сомасы – 1 889 364 мың теңге.

– Көлік инфрақұрылымының басым жобаларын іске асыруға тиісті сомада қаржы қарастырылды. Атап айтсақ, Мұратсай ауылына кірме жолды күрделі жөндеуге бөлінген қаржы еселенді. О баста 114 545 мың теңге қарастырылса, 195 000 мың теңге қосылып отыр. Тұрғын үй сатып алуға қарастырылған қаржы да еселенді. Баспана сатып алуға 387 444 мың теңге бөлінді. Алда қолға алынатын іргелі жобаның бірі – Мұратсай су қоймасын қайта құру. Бұл жұмыстың жобасына 1000 мың теңге қаралды, - деді Раушан Абдоллина.

Баяндамаларды тыңдаған депутаттар әкім есебін қаперге алып, аудан бюджетіне қатысты өзгерістер мен толықтыруларды бірауыздан бекітті.

Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале