Еліміздің елдігін айқындайтын, мәртебесін биіктетіп халықтың рухын көтеретін мерекелердің бірі – 30 тамыз Қазақстан Конституциясының күні.
Бұл күні Ата заң қабылданды. Осындай айбынды мереке қарсаңында Шыңғырлау аудандық орталық саябағында «Ата заңым – ардағым!» атты мерекелік шара өтті.
Сахна төрінде желбіреп, көз тартып тұрған көк байрақтарға қарап тұрып, шыңғырлаулықтар Әнұранды шырқап, салтанатты шараның шымылдығын ашты. Кейін мемлекеттік әкімшілік қызметкер ресми түрде ант қабылдап, марапаттау рәсімі басталды.
Құттықтау сөзін сөйлеген әкімнің уақытша міндетін атқарушы Миржан Нұртазиев ауданымыздың өркендеуіне, өсуіне өлшеусіз үлес қосып, елінің дамуы жолында елеулі еңбек етіп жүрген жандарды марапаттады.
Облыс әкімінің алғысхатымен Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағынғали Имашев, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Тілеген Қалиев марапатталып, аудан әкімінің алғысхаты абыройлы қызмет атқарып жүрген түрлі сала мамандарына табысталды.
Мерекелік шара Конституция күніне арналған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы