30.08.2024, 20:08
Оқылды: 192

Оралда су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін салынған үйлер қолданысқа берілді

Бүгін Деркөл кентінде баспананы асыға күтушілерге тұрғын үйдің кілті салтанатты түрде табыс етілді, деп хабарлайды Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

IMG-20240830-WA0057

Аталған кентке қарасты Көкжиек шағын ауданында 103 үйдің құрылысы жүргізілген болатын. Барлық үйлер типтік жобада салынды. Үш бөлмелі үйлердің аумағы 80 шаршы метрді құрайды.

Қала аумағында Деркөл кентінен бөлек Зачаганда және «Жұлдыз» шағын ауданында барлығы 375 үй бой көтерді. Құрылысты жергілікті 30-дан астам мердігер мекеме жүргізді. Бұл үйлерді салуға «ERG» компаниясы демеушілік еткен.

IMG-20240830-WA0059

Кілттерді салтанатты табыстау рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, жаңа қоныс иелерін құттықтады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірімізде су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Нарықтағы пәтерлерді сатып алумен қатар, осындай тұрғын үйлерді салып жатырмыз. Осы ретте тасқыннан жапа шеккендерді баспанамен қамтуға демеушілік қолдау жасап жатқан еліміздегі ірі компаниларға алғыс білдіреміз. Бүгін, міне, Деркөл кентінен 103 үйді қолданысқа беріп жатырмыз. Жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы басталар тұста осындай қуанышқа кенеліп отырсыздар. Шаңырақтарыңыз құт-берекеге толсын», деді өңір басшысы.

IMG-20240830-WA0058

Мұнан соң «ERG көмек» корпоративтік қоры бас директорының орынбасары Данияр Рахматуллаев сөз алып, үй иелерінің қуанышына ортақтасты.

Облыс әкімі тұрғын үй кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

IMG-20240830-WA0060

Орал қаласында күні бүгінге су тасқынынан зардап шеккен 1 548 отбасыға үй берілді. 10 мыңға жуық отбасыға 3 миллиард теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілсе, 4 568 азаматтың мүліктік шығындары өтелді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале